Мемлекеттік жәрдемақы тағайындау тәртібі жеңілдетілді

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Көпбалалы аналардың еңбегін атап өту және лайықты бағалау үшін мемлекет оларды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтайды және алқа иелері тиісті мемлекеттік жәрдемақы алады.

Көпбалалы аналардың уақытын үнемдеу мақсатында министрлік 2019 жылдан бастап осы жәрдемақыны тағайындау бойынша мемлекеттік қызметті проактивті форматта алуға мүмкіндік береді. Бұл әйелдерді кезекте тұрудан құтқарды, олар мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы уақытта және кез келген жерде алады. Көрсетілетін қызметті алушы бір ғана SMS хабарламаға жауап бере отырып, жәрдемақыны проактивті ресімдеуге келісім береді және банк шотын растайды. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті басқа да мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен түседі, – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Жеңілдетілген тәртіп мемлекеттік жәрдемақыны проактивті форматта тағайындауды айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Осы өзгерістердің арқасында 2021 жылы проактивті қызмет алған көпбалалы аналардың саны екі еседен астам – 9 мың адамға дейін өсті.