Асқар Мамин Ақмола облысында жаңа зауытты іске қосты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында премьер-министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Асқар Мамин Ақмола облысы еліміздің маңызды аграрлық-индустриялық өңірлерінің бірі екенін атап өтті.

Жалпы еліміз бойынша облыс астық жинайтын комбайндардың 70% жуығын, тракторлардың 43%, мамандандырылған автомобильдердің 47% астамын, мойынтіректердің 100%, құрамында алтыны бар өндірілетін кендердің 45% астамын, жартылай өңделген алтынның 27% жуығын шығарады,- деді Асқар Мамин.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, премьер-министр Тәуелсіздік күніне орай Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне, кәсіпорындардың жұмысшыларына, денсаулық сақтау, спорт, БАҚ саласының өкілдеріне және кәсіпкерлерге мемлекеттік наградаларды табыстады.

Фото: Рrimeminister.kz

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы «ENKI» ЖШС керамикалық кірпіш шығару жобасының II кезеңінің ашылу рәсіміне қатысты.

Кәсіпорынның қуаты — жылына 30 миллион дана кірпіш. 2010 жылы пайдалануға берілген кірпіш зауыты жобасының I кезеңін ескере отырып, кірпіш өндірісінің жалпы қуаты жылына 90 миллион дананы, ал жұмыс орындарының саны 400 құрайды.

Сонымен қатар премьер-министр Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі «Тәуелсіздіктің 30 жылы» жаңа залымен танысты, «Bolashaq sarai» сарайына және «Көкшетау» мәдениет сарайына барды.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз