Мемқызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы беріктігі тексеріледі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы беріктігін тексеруді жоспарлап отыр.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жүйе жосықсыз қызметкерлерді дер кезінде анықтауға және жұмыстан шығаруға мүмкіндік береді.

Неге оның қылмыс жасап, мемлекетке зиян келтіргенін күту керек? Заңдық тәртіптік шараларды қолданып, оны басталмай жатып тоқтатуға болады. Мұндай шаралар баю мақсатында мемлекеттік қызметке келуді негізсіз етеді және ұзақ мерзімді перспективада беделді мамандарды қалыптастырады, — деді Марат Ахметжанов.

Марат Ахметжановтың мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қабылданған шаралар негізінде министрлер мен әкімдердің қызметін бағалау жүйесі де қарастырылған.

Агенттік төрағасы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қалай жүргізіліп келгенін айтып берді.

Бүгінге дейін агенттік қылмыстық қудалау органы ретінде жұмыс істеп келді. Бұл тәсілмен ұзақ жұмыс істедік. Осыған дейін агенттік жұмыстың тиімділігі қылмыстың саны мен шулы қамаулармен бағаланып келді. Бұл жұмыс әдісі сол заманның жемқорлық сипитына сәйкес болды. Жұмыс тәсілдері өте қарапайым еді. Яғни, күдіктіні пара алу үстінде ұстайсың, қамайсың, сосын тергеуді тезірек аяқтап, іс сотқа жіберіледі. Жыл сайын мыңдаған жемқорлардың ұсталғаны туралы баяндау үшін осы тәсіл жеткілікті еді. Қоғам Антикордың жұмысын осындай көрсеткіштермен бағалауға үйреніп қалған сияқты, — деді Марат Ахметжанов өз баяндамасында.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз