Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтың және жеке өзінің атынан Олаф Шольцті Германия федеративтік республикасының федералдық канцлері қызметіне кірісумен шын жүректен құттықтады.
Бұл тарихи оқиға – халқыңыздың Сізге және Өзіңіз басқарып отырған коалицияға еліңіздің саяси-экономикалық өркендеуін жалғастыруға, сондай-ақ оның халықаралық деңгейдегі ұлттық мүдделерін ілгерілетуге бағытталған маңызды жоспарларыңызға артқан сенімінің айқын дәлелі. Осы тұста Сіздің қажырлы еңбегіңіз Отаныңызды бүгінгіден де биік белестер мен жаңа табыстарға жетелей беруіне тілектестігімді білдіремін, – делінген құттықтау хатта.
Мемлекет басшысы Германияны Қазақстанның Еуропалық одақтағы басты серіктесі деп санайтынын және екі ел арасындағы қарқынды дамып келе жатқан стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өткен.
Қазақ-герман және Орталық Азия – Еуропалық одақ форматтарындағы сан қырлы ықпалдастығымыздың мазмұнын одан әрі байыту мақсатында, Сізбен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенімді растаймын. Орайлы мүмкіндікті пайдаланып, өзара ыңғайлы уақытта Сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын, – деп жазылған президенттің жеделхатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев Олаф Шольцтің игі бастамаларына сәттілік, отбасына баянды бақыт, ал достас герман халқына мол ырыс пен құт-береке тілеген.