Басты бетҚоғамЖамбыл облысында...

Жамбыл облысында биыл 12 жекеменшік мектеп ашылды

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.

Аймақ басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде өңірде спорт, білім және денсаулық сақтау салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтты.

Тиісті шаралардың дер кезінде жүргізілуінің нәтижесінде өңірде эпидемиология ахуалы тұрақты. Халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау жоспары 98% орындалды, — деді ол.

Жергілікті бюджеттен медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайтуға 3,1 миллиард теңге бөлінген. 2 МРТ аппараты, 3 КТ, 2 эндобейне-хирургиялық кешен, 3 УДЗ аппараты, қарқынды терапияға арналған 2 көліктік инкубатор, жаңа туған нәрестелерге арналған 10 ашық реанимациялық жүйе, 40 функционалдық кереует сатып алынды.

Биыл облыста 23 білім беру нысанының құрылысына 11,1 миллиард теңге бөлінген (19 мектеп, 4 қосымша құрылыс). Бүгінде 11 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Нәтижесінде 2 апатты, 1 үш ауысымды және 3 орын тапшылығы бар мектептің мәселесі шешілуде. 16 мектеп күрделі жөндеуден өтті, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен бірге 12 жекеменшік мектеп ашылған.

Облыста 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100%, 1-6 жастағы балалардың 91,5% қамтылған.

Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 46 938 балаға көмек көрсету үшін жаппай оқыту қорынан 3,6 миллиард теңге бөлінді.

Өңірдегі барлық мектептер мен балабақшаларда бейнебақылау камералары орнатылған.

Бүгінде облыстағы 99 мектептің бейнебақылау камералары Жамбыл облысы полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. 147 мектепте «Дабыл түймесі» орнатылған, 109 мектеп «мандандырылған күзет» қызметімен қамтылған, — деді өңір басшысы.

«Жас маман» жобасы бойынша колледждерде 12 құзіреттілік орталығы ашылды. 15 әлеуметтік павильонда студенттер дайындаған аспаздық жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдер сатылып жатыр.