Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің дерегіне сәйкес, қазіргі күні қазақстандық зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіліп жатыр. Соның бірі – әйелдердің зейнет жасын ұлғайту. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабына сәйкес әйелдердің зейнет жасы 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айға өсіп отырады.

Әскери қызметте болып, зейнетке шыққан Кәмшат Асубаева әйелдердің зейнетке шығу жасының ұлғаюымен келіспейтінін айтады.

Себебі әйел затына істейтін жұмысынан бөлек, үй шаруасы, бала күтімі және тағы басқа шаруа оңайға соқпайды. Әр салада жұмыс атқарғандықтан, денсаулығы да нашарлауы мүмкін. Сондықтан 55 жастан кейін зейнетке шығып, баласы мен немересін неліктен бағып отырмасқа?! Әскери сала маманы болғандықтан, 45 жасымда зейнетке шықтым. Қазір қолыма алатын зейнетақым – 66 500 теңге. Келісімшарт бойынша қызмет атқардым, ең төменгі табыс көзімен зейнетақы алуымның себебі — осы. Бұл жауапты қызметкен кейін, уақытты зая кетірмеу үшін 2 ай көлемінде шаштараз мамандығының курсына жазылдым. Қазір осы сән саласында жұмыс істеп жүрмін, – дейді Кәмшат Асубаева.

Кәмшат Асубаева. Әскери маман. Зейнетақы
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Кәмшат Асубаева зейнетақы қорынан түскен қаражатты тиімді дүниеге жұмсаған: ақшаны балаларының болашағына деп депозитке салып қойған екен.

* * *

Жоғарыда аталған өзгерісті жүзеге асыру үшін 2018-2027 жылдар аралығындағы 10 жыл ішінде әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін жеткізу жоспарланған. Яғни биыл қазақстандық әйелдер 60 жаста зейнетке шығып жатса, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 60 жас 6 ай болған кезде ғана зейнет демалысын ала алады.

Әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңмен ұлғайту келесідей көзделген:

  • 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;
  • 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;
  • 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;
  • 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;
  • 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жасқа толғанда.

* * *

Назерке есімді кейіпкеріміз аты-жөнін толық көрсетпеуді сұрады. Назеркенің БАҚ саласында журналист болып істеп жүргеніне 40 жылдан асыпты. Зейнетке 58,5 жасында шыққан. Қазір зейнетақысы 170 мың теңгеге жуықтап қалыпты. Дегенмен, елдегі зейнетақы жүйесінде болып жатқан өзгерістерге пікірі екіұдай екенін жеткізді.

Оның айтуынша, әйел баласының жасы ұлғайған сайын түрлі ауруы шыға бастайды. Сондықтан өз-өзіне күтім жасауды кейінге қалдырмай, ерте жастан шығу тиімдірек екенін айтады. Ал екінші жағынан, кей әйел зейнетке шыққаннан кейін, сол лауазымнан айырылғысы келмей, әрі қарай жұмыс істегісі келеді. Оны Назерке өз тәжірибесінен көргенін атап өтті.

Балалары мен немерелеріне ақша керек деп, қызметте қалып, жұмысын жалғастырғысы келеді. Бұл орайда әр бала өзі табыс тауып, керісінше, ата-анасына қолғабыс ету керек ойлаймын. Мен қазір зейнетке шыққаныммен, уақытымды тиімді нәрселерге жұмсаймын. Мәселен, кітап оқимын, қаладағы түрлі қоғамдық жұмыстарға қатысып, үлесімді қосуға тырысамын. Одан өзге, тілші ретіндегі тәжірибем бар болғандықтан, белгілі бір ұйымға сценарий жазып жүрмін, – дейді журналист.

Бұдан бөлек, ол адамдар зейнетке шыққан соң жұмыс кестесінен тыс қалып, енжарлыққа бой үйрете бастайтынын айтады.

Өмірдің ырғағынан қалып қойып, шеттетіле бастайсың. Сондықтан қоғаммен байланыста болу керек. Сол кезде ғана тез қартаю деген болмайды, – дейді ол.

Ал Қазақстанның білім саласында 40 жыл ұстаз болған Сәуле Нитқалиева зейнетақысына көңілі толмайтынын атап өтті.

Себебі дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұстаз – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып, үйрететін мейірімді, абзал жан. Сондықтан мұғалімдердің еңбегі бағаланса игі болар еді, – дейді ол.

Сәуле Нитқалиева 59,5 жасында зейнетке шыққан. Бүгін қолына 112 мың теңге алып отыр.

Зейнетке шығу үшін құжаттарды уақытында ресімдеу керек

Осыған орай 1961 жылдың екінші жартысында дүниеге келген әйелдер 2021 жылдың соңына дейін зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш беру қажет. Олар үш аптаның ішінде құжаттарын өткізіп үлгермесе, 2022 жылдың шілде айына дейін зейнетақы ала алмайды. Яғни жарты жылы босқа өтеді.

Еңбек министрлігі өтініштің тапсырылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралатынын ескертеді.

Зейнетке ерте жаста шығу үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

1) Төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығында (кемінде 5 жыл) тұрған, Семей ядролық полигонындағы ядролық қару сынақтарының салдарынан зардап шеккен ерлер 50 жасқа толғанда, әйелдер – 45 жасқа толғанда зейнетке шыға алады.

2) 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу құқығы көзделген.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушы әйелдер үшін зейнетақы жинағы жеткілікті болған кезде және зейнетақы аннуитетін алған жағдайда 52 жаста жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы сақталды.

Зейнетақы мөлшері қандай болады?

Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық, міндетті (ынтымақты) және ерікті деңгейден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Базалық зейнетақы барлық қазақстандыққа төленеді. Оның ең төменгі мөлшері 10 жыл және одан аз жұмыс өтілі бар зейнеткерлер үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-не тең. Биыл бұл 18 524 теңге, ал келесі жылы 5%-ке артып, 19 450 теңгені құрайды. Ал ең жоғары мөлшері 33 жыл және одан да көп жұмыс өтілі бар зейнеткерлер үшін ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең. Бұл биылғы көрсеткіш бойынша 34 302 теңгеге тең, келесі жылы – 36 018 теңге.

1998 жылға дейін кемінде жарты жыл жұмыс өтілі бар зейнеткерлерге базалық зейнетақының ортақ бөлігі қосылады. Оның мөлшері еңбек өтілі мен орташа айлық табысына байланысты. 1998 жылға дейін 20 жылдық жұмыс өтілі бар әйелдер үшін зейнетақының ең төменгі мөлшері биыл 43 272 теңгеге тең, келесі жылы 7%-ке, яғни 46 302 теңгеге дейін өсуге тиіс. Ал ынтымақты зейнетақының ең жоғары мөлшері 100 637 теңгеден, ал келесі жылы 105 674 теңгеден аспауы мүмкін.

Еңбек өтілі аз болса, онда тағайындалған міндетті зейнетақы соған бара-бар азаяды. Өтініш жасалған жылы БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары есебінен қамтамасыз етілген зейнетақының үшінші құрамдас бөлігінің ай сайынғы мөлшері зейнетақы жинақтары сомасының шамамен 0,54%-іне тең. Биыл  БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-тін немесе 24 012 теңгені және келесі жылы 25 213 теңгені құрайды.

Сонымен қатар өтініш берушінің зейнетақы шотында мөлшері биылға қолданылатын ең төменгі 12 зейнетақы немесе 519 264 теңге сақталса, онда бұл ақшаның барлығы бір рет төленеді. Келесі жылы зейнетақы төлемдеріне өтініш беретін зейнеткерлер үшін бұл сома 555 624 теңгеге дейін өседі.