Мерекелік жиынның шымылдығын «Алтынай» мемлекеттік халықаралық би ансамблінің мың бұралған бишілері ашты. Өз кезегінде мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев құттықтау сөз алып, ақжарма лебізін білдірді.
Қайырлы күн, құрметті достар, қадірменді қауым! Облыс бойынша халықтық атағы бар және жаңадан құрылған театрлардың арасындағы байқау өз мәресіне жетті. Он күнге созылған байқауға әділқазылар алқасы өз бағасын беріп, орындарды тағайындады. Фестивальға Б.Римова атындағы Тадықорған драма театрының директоры Руслан Сеңкебаев төрағалық етсе, Кендебай Темірбаев, Серік Нұрхалық сынды театр майталмандары қазылық жасады. Сондықтан да барлығы әділ болды деп ойлаймыз. Бас жүлде және жүлделі орындарды тағайындар кезінде ақылдасып, халықтық атағы бар театрларға бөлек, жаңадан құрылған театрларға бөлек орындар қарастырдық. Бірінші рет өтіп жатқандықтан бөлінген қаражатты барынша жетілдіруге тырыстық, алдағы уақытта жыл сайын өткізіп отыруды жөн көрдік, – дей келе келешекте бұл байқау ел көлемінде өтуі керектігін айтып, байқауға қатысқан барша өнер ұжымына алғысын жеткізді.
Шара барысында театр өнерінің бренді саналған Нағима Таласбаева мен Қазақ- станның Халық әртісі Алмахан Кенжебековаға құрмет көрсетіп, иығына зерлі камзол мен орамал жапты.
Бұл фестивальда екі театрдың қойылымын көріп, өнерін тамашаладым. Ойпырым-ай, өңірлердегі өнер ұжымы арасында мықты әртістердің барына қуанып, «халық іші – қазына» деген сөздің ақиқаттығына көз жеткіздім. Көңілімнің күмбезін зерлі еткен Қарадала және Жаркент театрларының өнері таңдай қақтырды. Осындай өнер ұжымдарының құрылып, өзара бәйгеге түсіп, қойылымдарын еліне ұсынып жатуы руханият өрісінің кеңеюі деп білемін, – деді Алмахан Кенжебекова.
Өз кезегінде Нағима Таласбаева мәдениетті өрлетіп, зәулім сарайлар салып, елдің рухы мен руханиятына үлес қосып жатқан азаматтарға алғысын жеткізді.
Аталмыш шарада өнер үшін маңдай терін шүмектетіп жүрген тұғырлы тұлғаларға құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, «Қарадала» театрының директоры Асқар Наймантаев, кино және театр актері Саят Мерекенов, өнер жанашыры Берікжан Түкеновке арнайы диплом мен 100 мың теңгелік сертификат табысталды.
Облыс бойынша бақтарын сынауға келген 22 театрға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді. Халықтық театрға еңбегі сіңген актерлер мен өнер қайраткерлері, атаулы фестиваль барысында көзге түскен үздік актерлар да марапаттан қалыс қалмады.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ермек Доланғараев жаңа құрылған театрлар бәсекесінде өнерімен көзге түскен Текелі қаласындағы «Эдельвейс» театр студиясына, ескелділік «Би-Ата», қараталдық «Қаратал» театрларына және ақсулық Smile Aksu қуыршақ театрына арнайы жүлдені және 30 мың теңгелік сертификатты табыс етті.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, алқа мүшесі Төлеужан Ғұмаров фестиваль лауреаты атанған көксулық «Мұқыры», Өтенай ауылындағы «Қуыршақ», талғарлық «Қуыршақ», алакөлдік «Үшарал» халық театрларын және Райымбек ауданындағы «Хантәңірі», Еңбекшіқазақ ауданындағы «Қаракемер», сарқандық «Сарқан аудандық өнерпаздары», қапшағайлық «Жастар», балқаштық «Бақанас», талдықорғандық «Жас ұлан» жастар театрларын марапаттап, 50 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Қазылар алқасының мүшесі, театр майталманы Серік Нұрхалық Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» қойылымын көрсеткен Кеген халық театрына және Е.Уахитовтың «Алтын көрсе періште жолдан таяр» драмасын сәтті сахналаған «Қарадала» театрына байқау фестивалінің жүлделі 3-орын дипломын және 100 мың теңгелік қаржылай сыйлықты табыс етті. Өз кезегінде театр және кино актері Кендебай Темірбайұлы байқау фестивалінің жүлделі 2-орын дипломы және 150 мың теңгенің сертификатымен Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» музыкалық комедиясын сахналаған Күреңбел театрын, Ш.Елубаев «Абай ауылында» қойылымын көрсеткен Ақсу халық театрын марапаттады. Б.Римова атындағы театрдың директоры Руслан Исабекұлы байқау фестивалінің жүлделі 1-орын дипломын және 200 000 теңге қаржылай сыйлықтармен М.Әуезовтің «Абай» трагедиясын сахналаған Ақши халық театры мен Р.Терлікбаевтың «Екі Жамбыл – екі әлем» қойылымын қойған Сүйінбай театрына берді.
Панфилов ауданы Дәнеш Рақышев атындағы халық театры С. Керімбековтің «Әнші Дәнеш» қойылымын жоғары деңгейде сахналап, көрермен көңілін жаулап алса, қарасайлық жастар театры Б.Беделханұлының «Рух жыры» поэмасы желісі бойынша «Жүректің көзі ашылса» поэтикалық драмасын жоғары нотада сахналаған. Аталмыш қос театрға фестивальдің бас жүлдесі табыс етілді. Бұл жүлдені облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев табыстап, 250 мың теңгенің сертификатымен марапаттады.
Байқау Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының әншісі, Мәдениет саласының үздігі Бейбіт Мұсаевтың орындауындағы «Ауылға, ана, келе жатырмын» әнімен мәресіне жетті.