Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты.
Барлық медициналық-әлеуметтік мекемеде бейнебақылау камераларын орнату қарастырылған. Камералар ұйымға іргелес жатқан аумақтың периметрі бойынша негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, үй-жайлар мен жалпы пайдалану кабинеттерінде орнатылады. Медициналық-әлеуметтік мекемедегі туыстары мен жақын адамдарының жазбаларды көруге рұқсаты болады, — дейді министр.
Серік Шәпкеновтың айтуынша, медициналық-әлеуметтік мекемелердің директорларын тағайындау кезінде оларға қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды.
Бұл азаматтармен жұмыс істеуде тәжірибесі мол қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың басшыларын тарту арқылы өңірлердегі кадрлық дағдарыс проблемасын шешуге мүмкіндік береді.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу рәсімдері мен мерзімдерін оңтайландыру мақсатында Еңбек министрлігі мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл келешекте мүгедектігі бар адамдардың инстанциялар бойынша жүруін және көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді, — деді ведомство басшысы.