Бүгін елімізде жыл сайын өткізілетін «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының иегерлерін білетін боламыз. «Жомарт жүрек» бұл – қайырымдылық жасау бағытында ауқымды істерді атқарып жүрген ұйымдарды анықтап, оларды халыққа таныстыру мақсатында берілетін арнайы марапат. Бұл — өңірлерді дамытуға, қамқорлық құндылықтары мен қайырымдылық идеяларын кеңінен насихаттауға, мұқтаж жандарға көмек беруге дайын азаматтардың жақсы істерін дәріптеуге мүмкіндік беретін бірегей алаң. 2018 жылы жылдан бері бұл атаулы сыйлық – 125 адамға берілді, — деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, биылғы «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлерін тәуелсіз сарапшылық комиссия еліміздің бүкіл өңірінен түскен 100-ден астам өтініштің ішінен іріктеп алған.
Онлайн дауыс беру және есеп комиссиясының шешімінің қорытындысында 5 аталым бойынша 51 жеңімпаз анықталды. Бірақ барлық уақытта да ең басты жеңімпаз біздің қайырымды жүрегіміз бен ыстық ықыласымыз болып қала береді. Өйткені, қайырымдылық – азаматтық қоғамның кемелденуі,- деді министр.
Аида Балаева мемлекет басшысы осы «Қайырымды істер марафоны» аясында мұқтаждарға көмек қолын созып, айналасын жақсылыққа бөлеген жомарт жандарды ерекше атап өткендігін айтты.
Ол да болса, халқымыздың ежелден «қайырлы іс жасауды» ізгіліктің белгісіне балап, ішкі береке-бірлікті биік қойған даналығы. Жоба басталғаннан бизнес қауымдастық, азаматтық сектор, жекелеген белсенді азаматтар тарапынан қолдау тауып, барлық өңірде жақсылық жасауға шақырған іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұның өзі — қоғамның әлеуметтік-маңызды мәселелерін шешуде мемлекет пен жеке сектордың өзара әріптестікте, бірігіп әрекет ете алатынының дәлелі,- деді ол.