Дональд Трамптың саясаты теңге бағамына тиімді

Апта басынан бері доллардың еуро мен иенге шаққандағы бағамы күрт құлдырап, бүгіннің өзінде АҚШ доллары кешегі сессиямен салыстырғанда 1 пайыз құнсызданып, нәтижесінде алты аптадан бері болмаған ең төменгі көрсеткішке түсті.

«Дегенмен, біз ұзақ мерзімді кезеңде доллардың қайта күшейетініне сенімдіміз. Қазіргі келеңсіздік Трамп саясатына қатысты алаңдаушылықтан болып отыр», — деді Merrill Lynch институтының өкілі Сюсукэ Ямада.

Доллардың бұлайша құлдырауы осы аптада мұнай бағасының көтерілуіне де әсер етті. Бүгін Астана уақытымен таңғы сағат 09:00-де 55,30 долларға бағаланған Брент маркасы, доллар әлсірейтін болса, тағы да көтеріле түсуі ықтимал.

Мұнайдың қымбаттауы өз кезегінде теңгенің оң жамбасына келіп отыр. Қатарынан үш күн нығайған ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы бүгін KASE-нің таңғы сессиясында 327,76-ға төмендеді.

ДереккөзEgemen.kz