Форум алаңында әртүрлі шетелдік сарапшылар сөз сөйледі, олардың қатарында испандық CEU San Pablo университетінің профессоры Антонио Алонсо Маркос саяси партиялар жұмысының тиімділігіне тоқталды.
«Қазіргі кезде Испанияда 5 мыңдай саяси партия бар, бірақ олардың көпшілігі пайдасыз. Тек олардың 21-інің ғана Парламентте өкілдігі бар. Еуропаның көптеген елдерінде, оның ішінде Испанияда 200 жылдан астам демократия пайдаланылып келеді, алайда бізде ешқашан әйел көшбасшы болған емес. Болса, тек өңірлік деңгейде ғана. Таяуда «Nur Otan» партиясы праймериз өткізді. Ол әйелдердің заңнамалық және өкілді органдарда көбеюіне жол ашты. Бұл – «Nur Otan» көрсеткен жақсы кейс, өйткені демократияның басты жаулары – надандық пен популизм, — деді Антонио Алонсо Маркос.
Өз кезегінде Nazarbayev University-нің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің академиялық мәселелер жөніндегі вице-деканы Риккардо Пелиццо соңғы жылдары посткеңестік елдерді зерттеу келесі бұлжымас фактіні, яғни Орта Азия елдерінің, әсіресе Қазақстанның экономикалық жетістіктері саяси тұрақтылықтың арқасында ғана мүмкін болғанын растап отырғанын атап өтті.
«Қазақстанның тарихына көз жүгіртіп көрелікші. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елдің экономикалық өсу қарқыны Сингапурдың табысынан асып түсті. Бұған мысал ретінде Қазақстанда 1991 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 1 мың АҚШ доллары болса, ал 2013 жылы 13 мыңнан астам болғанын келтіруге болады. Соңғы 100 жылда бір де бір ел, тіпті Сингапурдың өзі мұндай көрсеткішке жете алмады», – деп мәлімдеді сарапшы.
Спикер саяси тұрақтылықтың басты рөлі ретінде келісім салтанат құрып, әртүрлі популистік және радикалды қозғалыстары жоқ партиялық жүйені атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдары «Nur Otan» өз күшін шоғырландыра білді, осылайша 1990-жылдары көрініс берген партияның бөлшектену үрдісі төмендеді. Жалпы фрагментация – нашар құбылыс, ол парламенттің сапалы заңдарды бекітуіне мүмкіндік бермейді. Ал көптеген партиялар өкілдерінен құрылатын коалициялық үкіметтердің ғұмыры ұзақ болмайды. Нәтижесінде бұл конституциялық тәртіптің бұзылуына әкеледі», – деді Риккардо Пелиццо.
Келесі сарапшы, «The London Post» газетінің шеф-редакторы Шахид Куреши Қазақстанның саяси өмірінде әйелдердің қатысуын кеңейту процесіне қатысты ойын ортаға салды. Оның пікірінше, қоғамдық-саяси процестерге қатысудың тең мүмкіндігі демократияны дамытудың кепілі болады.
«Жоғары этикалық стандарттар болмаса, демократия пайдасыз. Демократия – жәй қағазда жазылған зат емес, ол тұтастай жүйе. Онда әйелдердің рөлі маңызды. Егер әйелдер ерлер секілді бірдей мүмкіндікпен саясатқа келетін болса, онда бұл әділетті. Мен әйелдердің саясатта символдық тұрғыда ғана өкілдік етуі көзделетін жүйеге қарсымын. Жынысына қарай бөлу немесе ерекше қарау болмауы тиіс, – деп түйіндеді Шахид Куреши.
Еске сала кетейік, 600-ден астам шетелдік және отандық сарапшылар, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың және 15 елдің, оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзірбайжан және Орталық Азия дипломатиялық корпусының өкілдері сайлау жүйелерін дамытудың өзекті мәселелерін, заманауи электоралдық трендтерді, дәстүрлі және балама идеологиялардың келешегін талқылау үшін панельдік сессияларға қатысады.