Біз COVID-19-ға қарсы қазақстандық екі вакцина туралы айтып бердік. Біреуі – инактивті QazCovid-in (немесе QazVac) вакцинасы, екіншісі – QazCoVac-P вакцинасы. Қазақстан Республикасында QazVac 18 айға уақытша тіркеуден өтті. Ол мұсылман елдерінде жасалған жалғыз вакцина болып саналады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оған халал куәлігін берген, — деп жазды Алексей Цой Facebook-парақшасында.
Ал QazCoVac-P вакцинасы биыл маусым айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының клиникалық зерттеулер фазасындағы кандидат вакциналар тізіміне қосылған болатын.
Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысынан қазақстандық вакциналарды тіркеу жұмысын тездетуді сұрадық, — деді министр.
Сонымен бірге кездесу кезінде коронавирустың жаңа штамы – «омикронға» қарсы іс-шаралар талқыға салынды. Бүгінде вирустың жаңа үлгісі дүниежүзінің 10 елінде анықталды. Алдын ала мәліметке сәйкес, оның таралу қаупі жоғары және антиденелерге қарсы тұра алады.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияға ресми сапармен барды. Президент алдымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесуспен кездескен болатын.