Басты бетҚоғамЭнергетика министрі...

Энергетика министрі елімізде 310 мың көлік газбен жүретінін айтты

Бұл туралы энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл қаңтар-қазан айларында 2,6 миллион тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. Осы жылы сұйытылған мұнай газын өндіру 3,2 миллион тонна немесе 2020 жылғы көрсеткіштің 100% деңгейінде болжанып отыр.

Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының 60%-тен астамын автокөліктер тұтынады. 2019 жылдан бастап сұйытылған газға ауыстырылған автокөлік саны 2,2 өсіп, 310 мың бірлікке жетті, — деді Мырзағалиев үкімет отырысында.

Министр сонымен бірге сұйытылған газ өндіруді арттыру үшін 3 жоба іске асырылатынын айтты.

Бірінші жоба – Ақтауда төмен қуатты газ өңдеу зауыты. Оның қуаты жылына 60 мың тоннаны, ал инвестициялар көлемі – 1,5 миллиард теңге. Жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Екінші жоба – Жаңаөзенде жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытының орнына жаңа газ өңдеу зауытын салу. Оның қуаты 900 миллион текше метрді құрайды. Жоба құны – 147 миллиард теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2023 жыл. Зауытта шамамен 760 миллион текше метр тауарлық газ, 232 мың тонна сұйытылған газ және 82 мың тонна пентан-гексан фракциясы өндіріледі.

Үшінші жоба – Қашаған кен орнында қуаты 1 миллиард текше метр газ өңдеу зауыты. Оның құрылысы биыл басталды. Жоба құны – 380,8 миллиард теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2023 жыл. Зауыт 800 миллион текше метр тауарлық газ, 119 мың тонна сұйытылған газ, 35 мың тонна конденсат және 212 мың тонна күкірт өндіреді.

Аталған жобаларды іске асырудың арқасында 2025 жылға қарай сұйытылған газ өндірісінің көлемі 300 мың тоннаға артып, 3,5 миллион тоннаға жетеді. Сондай-ақ 530 миллиард теңге инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр, — деді ведомство басшысы.