Оның айтуынша, «омикрон» штамы ескеріліп, оның республика аумағында таралуына жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда осы жылдың 3 желтоқсанынан бастап мынадай шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданған:
- Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Оңтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектеу;
- «омикрон» штамы табылған елдерден келетін адамдар үшін вакцина алған-алмағанына қарамастан міндетті ПТР тестілеу енгізу. Олар: Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египет.
- «омикрон» тіркелген елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантиніне оқшаулануға тиіс.
Осыған орай, санитарлық-эпидемиологиялық комитет департаменттері шетелден келген азаматтар туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға уақытылы беріп, ал әкімдіктер оларды емхана деңгейінде қашықтықтан бақылауды қамтамасыз етуі қажет.