Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары, оның ішінде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер министрлерінің 12-конференциясына еліміздің төрағалық ету мәселесі талқыланды. Сонымен бірге халықаралық сауданы дамытудың өзекті мәселелері жөнінде пікірлер ортаға салынды.
26 қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясының өтетін уақытын кейінге шегеру жөнінде мәлімдеме жасады. Жиын 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Женевада өтуге тиіс еді.
Нгози Оконджо-Ивеала індеттің өршуіне байланысты министрлер конференциясын кейінге шегеруге тура келгені өкінішті жайт екенін және оның өте ауыр шешім болғанын айтты. Кездесуге қатысушылар іс-шараны өткізудің ықтимал жаңа мерзімдерін талқылады.
Президент Дүниежүзілік сауда ұйымымен арадағы ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы айта келе, пандемия жағдайында Ұйымның әлемдік экономиканы қайта қалпына келтіру ісіндегі негізгі рөліне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеаланың басшылығымен вакцинаның барлық адамға бірдей тең дәрежеде қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттермен, негізгі халықаралық ұйымдармен және вакцина өндірушілермен жүргізіліп жатқан конструктивті диалогқа қолдау білдірді.
Әңгімелесу барысында 2022 жылдың қараша айына жоспарланып отырған Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымындағы сауда саясатына алғашқы шолуының шығарылымы талқыланды. Президент еліміз үшін осы оқиғаның аса маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы қағидалары мен ережелеріне, сондай-ақ осы ұйымға кірген кезде өзіне жүктелген міндеттерге бейілділігін растай алатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеаланы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.