Жығылған, Аблайкит. Қазақстанның көпке беймәлім киелі орындары

Қазақстанда "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы бойынша еліміздегі киелі жерлерді анықталып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіліп, олардың картасын жасалды. Біз бүгін бұл тізімге енбеген әр өңірдегі көпке беймәлім киелі мекендер жайында сөз қозғаймыз.

Қатутау таулары. Алматы облысы

Фото: altyn-emel.kz

Қату тауы ежелгі жанартау атқылауынан пайда болған. Жанартаудан аққан ыстық лавалардың қату әсерінен бұл жерде әртүрлі формадағы тастар түзілген. Сонымен бірге мұндағы рельефінің әртүрлі болуына байланысты таулар жасыл, қызғылт тағы басқа түстерге боялған. Бұл жаратылыс тауға ерекше көрік беріп тұрады. Мыңдаған жылдар өтсе де, ерекше қалыптар, яғни пішіні мен үлкендігі әртүрлі ойықтар, саңылаулар, иірімдер сол күйі сақталып қалған. Пішіндер бірде сөреге ұқсаса, бірде ыдысқа, бірде хан тағына ұқсайды. Жартастардың арасында ежелгі жабайы адамдар тұрған үңгір бар. Үңгір қашалып, формасы айыр ағашқа ұқсатылған, соған қарап олар христиан болған деген тұжырым бар.

Қарқаралы таулары. Қарағанды облысы

Фото: photocentra.ru

Қарқаралы таулары — Қарағанды ​​облысы Қарқаралы ауданының орта тұсында орналасқан. Оның биіктігі 1 403 метрге дейін жетеді. Тау беткейлерінде қарағайлы ормандар кездеседі. Алайда бұл орынның басты ерекшелігі — мұнда мұз дәуірінен қалған өсімдіктердің жұрнағын, сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан өсімдіктерді кездестіруге болады. Қарқаралы таулары жер асты тұщы суларына бай, олардан Суықбұлақ, Тасбұлақ, Сыращы бұлағы, тағы басқа ағып шығады. Қарқаралы таулары орманының 85,4%-ін қарағай, 12%-ін қайың мен көк терек, 2,6%-ын бұталар құрайды.

Торыш шар. Маңғыстау облысы

Фото: visitmangystau.kz

Маңғыстауға туристерді тартатын ерекше жерлерінің бірі — құпияға толы Торыш алқабы. Айырықша тастардың пайда болу тарихының аңызға айналған хикаясы: халық дұғасының арқасында жау ордасының үлкен дөңгелек тастарға айналғаны. Ғалымдар Торыш алқабының көп жылдық жұмбағының пайда болуы туралы бір келісімге келмей, әлі күнге дейін көптеген ғылыми теорияларды құруды жалғастыруда. Олар керемет пейзаж жасай отырып, әр тас бірегей және өзіндік ерекше пішінге ие. Дөңгелек пішінді үлкен тастар динозаврлардың жұмыртқаларына ұқсайды.

Торыш шарының алқабы маңғыстаулықтардың сүйікті орны болып табылады және әлемнің түкпір-түкпірінен қызықты туристерді тартады.

Ақыртас. Жамбыл облысы

Фото: el.kz

Ақыртас — көненің таң қаларлық ескерткіші, VIII—IX ғасырлардағы сарай кешені. Ақыртас Тараздан 45 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш үлкен күрең-қызыл тас блоктарынан салынған бір құрылыстың үйінділері. Ақыртас-қызыл құмтастың батпандай блоктарынан тұратын төртбұрышты (205х185м) құрылыс. Ол төрт бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі құрылыс салынбаған шаршы учаскеден және аулаға шығатын орын-жайлар тобынан тұрады. Олардың үшеуі дәліз тәрізді ұзын. Екінші бөлігі 12 тұрғын және 5 шаруашылық орын-жайдан тұрады. Үшінші бөліктің сыртқа өз бетімен шығу жолы бар он үш орын-жайы ауланың айналасында топтастырылған. Төртінші бөліктің тұрғын бөлмелері де ауланың айналасында орналасқан (25х34м). Ақыртас ғимараттан 400 метр жерде алынатын тас пен балшықтан салынған. Блоктардың жоғарғы бөлігінде астау тәріздес шұғылдар, ал төменгі жағында — сопақша шоқы бар.

Ақмешіт үңгірі. Түркістан облысы

Фото: bilim-all.kz

Ақмешіт әулие үңгірі – Орталық Азиядағы ең үлкен үңгірлердің бірі. Түркістан облысы Бәйдібек ауданында орналасқан. Ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 м. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген аңыз айтылады.

Жаугершілік заманда Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, соғысқа аттанған екен. Жолда сарбаздар нөсерлеп құйған жауыннан таң намазын оқи алмай қиналады. Сонда осы үңгірге кез болып, бәрі осы жерді паналап таң намазын оқиды. Сарбаздардың бірі: «Мына үңгірді “Есіркеп” немесе “Қойкелді” деп атайық» деп ұсыныс білдіреді. Бұған қол бастаған батыр бабамыз: «Жоқ, бұл жер киелі, берекелі мекен, он мың әскерден тұратын бізді де қойнауына сидырып, бәрімізге бірге намаз оқуға мүмкіндік берді. Іші де аппақ түсті ерекше мекен екен. Бұл жерді “Ақмешіт” деп атайық» деген екен.

Қоңыр әулие үңгірі. Павлодар облысы

Фото: kieliqazaqstan.kz

Абай ауданы Тоқтамыс ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан Қоңыр әулие үңгірі жайында ел арасында аңыз-әңгіме көп. Оның ішінде ауыз әдебиетінде сақталған деректердің дені жоңғар шапқыншылығымен байланысты. Шаған шайқасы осы үңгірдің маңында өткені тарихтан мәлім. Алаштың алапатын асырған Абылай хан әйгілі Қабанбай батырға «Дарабоз» атағын осы жерде берген деген деректер де бар. Бұл үңгірде ұлы Абай да болған. Тіпті қолтаңбасын қалдырған деген деректер де бар.

Үңгірдің қай заманнан бері Қоңыр әулие атанғанын нақты ешкім білмейді. Білетініміз, Қоңыр әулие үңгірінің ені шамамен 12-15, ұзындығы 18-20 метрге созылады, үңгір ішіндегі көлдің ең терең жері 5 метрге дейін барады. Бұл үңгір 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі орындар картасына» енгізіліп, мемлекет қамқорлығына алынған болатын.

Аблайкит. Шығыс Қазақстан облысы

Фото: yvision.kz

Аблайкит бекінісін 1654 жылы Жоғарғы Ертістің сол жағалауында, Қалба тауларының арасына ойрат билеушісі Аблай тайшы салдырған. Аблайкит – XVII ғасырдың 50-60 жылдарында будданың ірі орталықтарының бірі болды. Кейіннен Өскемен бекінісінің негізін қалаушы И.Лихаревтің жетекшілігімен келген орыс отряды ғибадатхана орнынан тибет пен ойрат қолжазбаларының, будда икондары мен қола мүсіндерінің мол қорын және тибет-моңғол қолданбалы сәндік өнер бұйымдарын тауып, Ресейге алып кетеді. Жалпы, Аблайкит туралы көптеген саяхатшы-ғалымдар жазба деректер қалдырған. Кешеннің сақталып қалған жобасынан оның сол кездегі ең әдемі ғибадатханалардың бірі болғанын көруге болады. Оның біршама бөлігі бүгінге дейін сақталған.

Үңгіртас. Алматы облысы

Еліміздің әр түкпірінен келген адамдар бұл жерге «Жер мен Ғарыштың» ерекше қуатын қабылдау үшін келеді. Алматыдан 100 шақырым қашықта орналасқан Үңгіртас ауылында жерден 8 метр диаиетр аумағында қуатты энергия шығуы байқалды. Аспанға бағытталған бұл энергия адамның ішкі дүниесіне қуат беріп, тазартып, күшейтеді.

Үңгіртас тау етегінде орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, дәл осы жерде аспан мен жердің жүйелері өзара түйіседі. Үңгіртасты “Қазақстан жерінің кіндігі” деп атайды. Мұнда биоэнергетикамен айналысатын, қажылыққа барғысы келетін адамдар жиі келетін көрінеді. Ауыздан-ауызға тараған аңыздарға сенсек, дәл осы Үңгіртаста Ахмет Яссауи өмір сүрген. Ол 63 жасында Пайғамбар жасынан артық ғұмыр кешкісі келмейтінін айтып, қылуетке түскен. Жерасты үйге жақын маңда оның шәкірттері мен туысқандары жайғасқан. Ал кесене орналасқан орынды “Айдарлы Айдахар-Ата” деп атайды.

Жығылған мүйісі. Маңғыстау облысы

Фото: mangyshlak.kz

Жығылған мүйісі — Түпқараған түбегінің негізгі табиғи көрікті жерлерінің бірі. Бұл — үлкен ойпаты бар, дөңгелек пішінді, тастармен жабылған үлкен тау алабы. Жығылған мүйісі Каспий жағалауында орналасқан. Қалған мүйістерден айырмашылығы, ол тіктелген жартастардан тұрады, ал оның беткейлері өткір тастармен жабылған. Жығылған мүйісінің етегіндегі ең ірі тастар шағын үйдің өлшемдеріне жетуі мүмкін.

Ғалымдар Жығылған мүйісінің пайда болуы туралы екі негізгі теорияны ұсынады. Алғашқысына сәйкес, топырақтың құлауына қатты жер сілкінісі себеп болған. Екінші теория бойынша, ойпат жер астындағы карст қуыстары болғандықтан пайда болды.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз