Елімізде экспресс-тестіні қолдануға ешқандай шектеу қойылмаған. Дегенмен оның нәтижесімен шетелге ұша алмайсыз, ауырған жағдайда жұмыс орнына көрсете алмайсыз.
Қазақстанда экспресс-тест өндірумен айналысып жүрген ECO Pharm компанияның техникалық директоры министрлік тестіні ПТР аналогы ретінде ресми түрде мойындаса, Қазақстан азаматтарына тиімді болатынын айтты.
Ең біріншісі — тест нәтижесі жылдам дайын болады. Адам аз уақыт ішінде ағзасынан вирусты тапса, бірден оқшауланады, көп адам жиналатын орындарға бармайды. Министрлік тест нәтижелеріне қатысты бұйрыққа өзгеріс енгізіп, жедел тестіні ресми түрде толық растаса, вирусқа қатысты біраз мәселе шешілер еді. Сонымен бірге зертханалардың жұмысы да азаяр еді, — дейді Қаламқас Бексырғаева.
ECO Pharm компаниясы 2020 жылдың соңынан бастап антиденелерді және коронавирусты анықтайтын екі экспресс-тест түрін дайындауға көшкен.
Техникалық директор Қаламқас Бексырғаеваның сөзінше, бұл тестілер арқылы 15 минут ішінде адам ағзасында вирустың бар-жоғын білуге болады.
Бір тест арқылы адамның коронавирус жұқтырып-жұқтырмағанын анықтасақ, екінші тестіде бір тамшы қан арқылы адам ағзасында антидененің бар-жоғын, науқас ағзасының бұрын осы аурумен кездесіп-кедеспегенін анықтай аламыз, — дейді техникалық компания директоры.
Осыған дейін коронавирусқа қатысты жедел тестінің 80 мың данасы қолданысқа шыққан. Оны дәріханалардан 2 500 теңгеге сатып алуға болады. Сонымен бірге кез келген адам үй жағдайында өз бетімен пайдалануға мүмкіндігі бар.
Кейде коронавирус пен тұмауды шатастырып жатамыз. Осындай кезде лезде экспресс-тесті қолданған абзал. Себебі коронавирус жылдам тарайды, — дейді Қаламқас Бексырғаева.