− Топоним атаулары — тарихтың белгісі. Қазақстанда көп ізденіс пен ғылыми зерттеулерді қажет ететін жер-су атауы аз емес. Өңірлердегі ономастика мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?

− Топонимдер жер бетіндегі атаулармен жазылған кітап сияқты. Осы атаулар арқылы елдің елдігін, жердің тұтастығын айқындауға болады. Еліміздің аумағындағы тарихи жер-су атаулары – халқымыздың тарихынан ғана емес, дүниетанымы мен ұлттық ұстанымдарынан да хабар беретін құнды дүние.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ақмола, Жамбыл облыстарындағы ономастикалық атауларды тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы жүйелендіру жобасы бойынша «KAINAR» кәсіби дайындықтың жоғары мектебі» ЖШС жұмыс істеп жатыр. Оның мақсаты — республикадағы ономастикалық қызметті ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, жер-су атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру.

Жобаның мазмұнында облыстағы тарихи атаулардың этимологиясын диахрондық әдіс тұрғысынан зерттеп, нақты дәлелдермен тарихи атауларды қалпына келтіру көзделген. Ақмола және Жамбыл облыстарының топонимдерін тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы жүйелендіру – өңір топонимдерінің кестелі сөздігін жасау, онимдерді топтастыру және уәжі, яғни номинативтік принципін анықтау сияқты жұмыстар жүргізілді. Байырғы атауларды қайтарудың диахрониялық талдауы мен субстраттық атаулар сөздігі жасалып, қазақи атаулардың калька нұсқалары анықталып, саяси идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың және ғылыми зерттеу барысында анықталған байырғы атаулардың кестелі сөздігі жасалды.

Осы орайда, біз, біріншіден, аталған екі облыстың топонимдерін жүйелеп, бір облыста неше қала, кент, ауыл барын анықтаймыз. Екіншіден, қазіргі күні елімізде тарихи атаулар қайтарылғанымен, көпшілігі өзгеріске ұшыраған. Үшіншіден, топонимдерді қандай атаулармен өзгерту керек деген мәселе күн тәртібінде тұр. Еліміздің ономастика жүйесі өте күрделі мәселелердің бірі болғандықтан, бұл сала өмір бойы зерттеуді қажет етеді.

Жер-судың, тау мен тастың, өзен-бұлақтың атауы бар. Дегенмен, осы күнгі көзқараспен қарағанда, сәтсіз көрінетіндей атауларды да кездестіреміз. Ондайға қатысты шектеулер бар ма? 

− Атау – өмірімізді толығымен қамтығандықтан, тіпті, соның ішінде қалай өмір сүріп жатқанымызды ойланбаймыз. Мәселен, сіз тұратын тұрғын үйден бөлек, мекеме, дүкен, тамақтантандыру орталықтары және тағы басқаларының ресми атауы бар. Мұнда топонимдік атаулардың сәтті немесе сәтсіз шығатыны, ішінде өзгеріске түсіп, түспейтіні бар. Осыған байланысты олар объективті немесе субъективті болып бөлінеді. Субъективті атау дегеніміз – адамның жеке өзінің ойына, талабына байланысты қойылады. Бұлар, әдетте, адамның өзі жасаған топонимдік атаулар.

Сондықтан қоныс атаулары ауыспалы метафоралық атауларға жатады. Өйткені қоныс белгілі бір өзен, көл, тау географиялық нысанда тұрғандықтан, қоныс атауы соған сәйкес өзгереді. Мысалы, Сарыарқаның солтүстігінде орналасқан ең биік нүктелерінің бірі Көкшетаудың көгілдір тау екенін білеміз. Себебі тау басындағы қарағайдың көптігінен, таза ауа алыстан мұнарланып, көгілдірленіп көрінеді. Екіншіден, таудың маңайы жап-жасыл желекке оранған.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Астана тасжолында өзгертілген атауларды жиі көзіміз шалады. Қазақ даласын тыңайту кезінде Волгоновка секілді көшіп келген кісілердің есімі жиі қойылған. Соның ішінде Екатериновка, Александровка елді мекендерін атауға болады. Бұлар кісі есіміне қойылған сәтсіз атаулар болғандықтан, ауыспалы субъективті атаулар қатарына жатқызамыз. Сонымен бірге шұбалаңқы тілмен, сәтсіз топонимдер, эргонимдер (іскер адамдар бірлестігі атаулары), ұсақ менсонимдер (дәмхана, дүкен, сұлулық салондары) сияқты халықпен тығыз байланыста болатын объекті ­атауларынан байқауға болады.

Мәселен, Нұр-Сұлтанда техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталықтарының бірінің атауын «Ольга» деп қойған. Осы кезде ассосация ретінде «Ольганы» қыз баласы деп елестетеміз. Бұл сәтсіз шыққан атау. Себебі орталық қызметіне қыздың есімі жөнсіз қойылған. Қалада «Тағам», «Қағанат» секілді тамақтандыру орталықтарының, сонымен бірге Самал ықшамауданында орналасқан «Бәрі бар» дүкенінің атауы өте сәтті шыққан. Солардың қатарында «Хан шатыр», «Керуен» ойын-сауық орталықтары бар.

 − 2001 жылға дейін тарихи атаулар бұрмаланып, өзгеріске ұшырады. Бүгінгі таңда барлық тарихи атау ономостикалық жинаққа енгізілді ме?

−  Аталған жоба 6 жылға жоспарланып, Қазақстан ономастикалық кеңістігінің топонимдері түгелімен тілдік, тарихи және географиялық тұрғыдан талданады. Болашақта Қазақстанның электрон 3D форматтағы картасын әзірлеп, қолданысқа енгізу ең басты мақсатымыз болып отыр. Жоба шеңберінде Ресей музейлері мен архивтеріндегі карталарды зерделеп, жер телімдері мен қоныстардың тарихи атауларын анықтауда кешенді жұмыс жүзеге асырылып жатыр. Көне атаулардың қазіргі Қазақстан ономастикалық кеңістігіндегі жер-су атауларымен өзара тілдік-генетикалық байланысы, мазмұндық, семантикалық ортақтығы, тарихи сабақтастығы талданып, атаудың уәжіне, жер бедеріне қатысына, оның бойындағы «мекенжай» ақпаратына назар аударылды. Зерттеудің бұл тәсілдері жаңа атауларды беруде атаулардың негізсіз алынуын болдырмауға, субстратты атаулардың семантикасын түсінуге көмектеседі. Мысалы, аудан атауларындағы Аршалинский, Сандыктауский атауларындағы «-ский-ді» алып тастадық. Енді аудан атаулары қазақша да, орысша да Аршалы, Сандықтау деп жазылатын болды. Жобаны жүзеге асыру барысында Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Осыған орай Тіл білімі институтына Ақмола мен Жамбыл облыстары бойынша ұсынысымызды айттық.

Өңірлердің топонимикалық кеңістігінде кездесетін аударма «калька» атауларды анықтадық. Мысалы, Моховое − «Мүктікөл», Солоное – «Тұздыкөл» немесе «Соркөл», Лысая – «Жалтыр көл» немесе «Қасқа» атауларын ұсындық. Ендігі кезекте калька аудармаларын Тіл білімі институтымен бірге теріп жазамыз. Айта кетерлігі, осы жұмыс бойынша алғашқы сараптама нәтижесі жарияланды. Институт мамандары атауларды дұрыс деп, растап отыр. Зерттеу нәтижесінде ономастикалық жинаққа енгізу керек деген ұсыныс жасадық.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Күні бүгінге дейін кей қала, өңір, елді мекен атауы әлі өзгермеген. Мысалы, көркем әдеби шығармаларда «Қызылжар» десек, ал ресми анықтамаларда «Петропавл» деп жазып жүрміз. Осы секілді атауларды қашан біріздендіреміз?

− Әрине, мұндай атаулар Ақмола облысының өзінде, Щучинск, Степногорск, Макинск және тағы басқа жерлерде көп кездеседі. Атауларды біріздендіру үшін облыстың тілдерді дамыту басқармасы жергілікті ғалымдармен бірлесе отырып, өзге ұлт өкілдері көбірек шоғырланған шалғай ауылдар мен жер-су атауларына ауқымды ғылыми негіздемелік зерттеулер әзірлеуге тиіс. Қазақ ономастика мәселесі – тек филолог-ғалымдардың, тілдерді дамыту басқармалары мамандарының жұмысы емес. Бұл – белгілі географтардың, тарихшылардың, жалпы, тұтас ұлттың мәселесі. Сол себепті жоғары оқу орындарының қабырғасында ономастика саласын зерттейтін мамандарды даярлап шығаруымыз қажет.