Jusan Bank «Цифрлық банкинг саласындағы жыл бастамасы – Қазақстан» және «Интернет-банкинг саласындағы жыл бастамасы – Қазақстан» атты бірден екі номинацияда беделді Asian Banking&Finance Retail Banking Awards (ABF) премиясының лауреаты атанды.
ABF іріктеуінің басты өлшемшарттары — бірегейлік, инновация, тиімділік, ықпал және қарқындылық. Asian Banking&Finance журналының баспагері Тим Чарльтонның айтуынша, сын-тегеуріннен именбей, дағдарыс жағдайларында бейімделе алған қаржы мекемелері өз саласында биік жетістіктерге қол жеткізіп, шыңына жетті.
Asian Banking&Finance премиясы осы үздік компанияларды мойындауға бағытталған және оларды өз клиенттері үшін жоғары деңгейлі өнімдер мен қызметтерді ұсынуға түрткі болады, — деді ол.
Jusan Bank басқарма төрағасы Айбек Қайып Jusan Bank пандемия салдарынан туындаған экономикалық түбегейлі өзгерістерді еңсере біліп, нарықтың түрленген, өзгерген қажеттіліктеріне жылдам бейімделе алғанын айтт.
Жаңа жағдайлар алдыңғы қатарлы цифрлық шешімдерді енгізуді және сервистерді барынша онлайн түрде ұсыну қажеттілігін жылдамдатты. Бұл ретте біз банктің әрбір жаңа клиенті үшін әрдайым түсінікті де сенімді болдық. Jusan-ның барлық өнімдері ең жоғары өлшемшарттарға жауап береді және біздің жұмысымыз Asian Banking&Finance Retail Banking Awards беделді басылымының халықаралық мойындауын алғанына қуаныштымыз, — деді ол.
Jusan мобайл қолданбасы барлық пайдаланушыға ұсынатын сервистердің кең ауқымының арқасында ABF RBA-ның бірден екі номинациясында жеңіске жетті. Осылайша, қосымшада төлемдер, сатып алу және ақша аударымы бойынша стандартты банк операциялары ғана емес, тұтынушылық кредиттерді және бөліп төлеуге сатып алуды ресімдеу, қайта қаржыландыру, автосақтандыру және инвестициялау сияқты операциялар да қолжетімді. Қосымшада қаржылық емес сервистер де ұсынылған: Jusan Mobile цифрлық мобайл операторы және 400 мыңнан астам позициядағы тауарлар мен қызметтер сұрыпталымы бар Jusan дүкені.
Интернет-банкингтің жаңартылған нұсқасы клиенттерге 2020 жылдың қазанында қолжетімді болды, қазіргі уақытта Jusan қосымшасында 700 000-нан астам адам тіркелді, пайдаланушылардың ай сайынғы өсімі — шамамен 25 %.
ABF RBA ұйымдастырушылары Jusan Bank-тің жаңа өнімдерінің іске қосылуы ATF Bank-пен бірігудің жауапты кезеңінде жүзеге асқанын, нәтижесінде банктің жалпы активтері 3 триллион теңгеге жетіп, қазақстандық нарықтағы үлесі 10% өскенін айтты.