— Мәдина, елімізде мобилография саласы қай кезден бастап таныла бастады? Оның болашағы бар ма?

— Қазақстанға мобилография 2018 жылы келді. Алайда ол кезде көп адам бұл жанрға күмәнмен қарады, бірақ техникалық құралдар жетіле түсті, мобайл фотографияға арналған құрылғылардың сапасы жақсарды. Қазіргі таңда көп клипмэйкер, әнші өз клиптерін смартфонға түсіріп, смартфонмен монтаждайтын болды. Бұған қоса, телефонмен түсірілген қаншама кино бар.

Қазіргі уақытта YouTube, Instagram, TikTok сияқты әлеуметтік желілердегі контенттің көпшілігі смартфонмен қаралады. Видеоның смартфонмен түсіріліп, монтаждалуы көрерменнің қабылдауына да ыңғайлы болады.

Мәдина Алданияз
Мәдина Алданияз. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алдағы жылдары мобилографияға деген сұраныс тіпті арта түседі. Өйткені қазіргі уақытта смартфон өндірумен айналысатын Apple, Samsung сияқты компаниялар оның камерасына көбірек басымдық беріп, монтаж жасауға арналған процессор және оператив күшіне де зор көңіл бөліп жатыр.

Елімізде бұл сала студенттер арасында өте танымал. Көшеде жүрсеңіз, әрбір екінші адам қолындағы телефонымен видео түсіріп жүреді. Мобилографияға адамдардың көзқарасы өзгеріп, бірте-бірте дамып жатыр. Болашақта да осы бағыт бойынша жұмыс істегісі келетіндер саны артуы ықтимал.

— Мобилограф пен видеографтың айырмашылығы не?

— Телефонмен түсірілген видеолар кәсіби камерамен түсірілген жұмыстарға қарағанда арзан әрі танымал. Кәсіби камерамен түсірілгенімен, көпшілік оған қанша қаржы жұмсағанын білмейді. Ал смартфон үнемі қалтаңызда болады, онымен видео түсіруге шығын кетпейді әрі жылдам. Әрине, смартфон кәсіби камераға жетпейді, оны алмастыра алмайды. Өйткені кәсіби камераның арнайы баптауы, көп мүмкіндігі бар. Дегенмен бүгінде видеографтардың өздері де табыс көзі көбірек екеніне көз жеткізген соң мобилографияға қарай келіп жатыр.

Мәдина Алданияз
Мәдина Алданияз. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Мобилографтарға сұраныс жоғары екенін айттыңыз. Құпия болмаса, бір айлық табысыңыз қанша?

— Айына бір миллионға жуық табыс табамын. Ең алғашқы видеороликтерді тегін түсірдім. Кейін тапсырысқа қарай 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін көтере бастадым. Қазір бастапқыға қарағанда қызмет құны әлдеқайда өсті. Күн сайын жаңа тапсырыс келеді, бірақ күніне екі тапсырыстан артық қабылдамауға тырысамын. Видеоны монтаждауға 15-20 минут уақытымды жұмсаймын. Бір айда аз дегенде 60 түсірілім болады.

Кейде жарнама роликтері, кейде блогерлер мен өнер адамдарына видео түсіремін. Олардың қатарында Жәния Джуринская, Жұлдыз Әбдікәрімова, Қайрат Нұртас, Луина, Салтанат Бақаева сияқты адамдар бар. Бір жыл бұрын осындай адамдармен жұмыс істеймін деген ой үш ұйықтасам да, түсіме кірмеп еді. Өмірімде осындай өзгерістер болғанына қуанамын.

Мобилограф тек блогерге, әншіге немесе SMM-мамандарына ғана емес, барлық салаға керек. Жеке брендті қалыптастыру немесе кәсібіңізді дамыту үшін сапалы видеороликтер түсіруге болады. Мобилограф болуға шын ынта-жігері бар адам жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын.

Мәдина Алданияз видео түсіріп жатыр. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Ал сіз бұл салаға қалай келдіңіз?

— Шамамен бір жыл бұрын Қыран Талапбектің арнайы курсын оқып, тәжірибе жинадым. Алғашқы сабақтан соң бірден видеоролик түсіруге асықтым. Сабақ өте қызық, түсінікті әрі сапалы болды. Соның арқасында қызығушылығым тез оянды. Адамдарды, табиғатты видеоға түсіріп, оны әсерлі етіп жеткізуге тырыстым. Мобилограф дағдылары тәжірибе, жаттығу, оқу барысында келеді.

Бұл сала уақытты үнемдейді. Кезінде барлығы үлкен камерамен түсіріп, видеоны компьютерге жүктеп, монтаж жасауға бірнеше күнін жұмсайтын еді. Ал қазір барлығы әлдеқайда жеңіл. Мысалы, 1 сағаттың ішінде ұялы телефонмен видео түсіріп, осындай уақытта монтаж жасауға болады.

Мәдина Алданияз
Мәдина Алданияз. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Мобилографияның қанша түрі бар? Қай стильде видео түсірген ұнайды?

— Fashion және food-мобилограф, отбасылық видеолар, фотосессиядан backstage, love story сияқты түрлері бар. Әркім өзіне қалаған стильде видео түсіреді. Маған соның ішінде fashion-мобилограф болған ұнайды. Себебі адамдарға эмоция сыйлағым келеді. Тұтынушының талғамына, қалауына қарай видео түсіремін. Мобилография адамның өзіне көзқарасын өзгертеді, түсірген видеохикаяларымнан кейін көбі өзіне одан әрі ғашық болып жатады. Жұмысымның оларға ұнағанын көру — үлкен жетістік.

— Негізгі мамандығыңыз қандай? Сол сала бойынша жұмыс істеу ойда бар ма?

— Қазақстан-Британ техникалық университетінде «Есеп және аудит» мамандығының 4-курсында білім алып жатырмын. Өз мамандығым бойынша жұмыс істеп көрмедім. Себебі маған мобилограф болу қатты ұнайды. Әзірше басқа салада өзімді елестете алмаймын. Өз мамандығым бойынша кеңседе отырып жұмыс істеуге тура келеді. Мұндай жұмыстан тез жалығып кетуім мүмкін. Көп сөйлемейтін адаммын, бірақ мобилография маған адамдармен дұрыс сөйлесуді, уақытты тиімді пайдалануды үйретті.

Дубайда жүрген қазақстандық блогердің жеке мобилографы болу туралы ұсыныс түсті, бірақ белгілі себептермен бара алмай қалдым. Дегенмен болашақта мобилография бойынша шетелде оқып, тәжірибе жинауды қалаймын. Мүмкіндік болса, Париж, Барселонада жұмыс істеп көргім келеді.

Мәдина Алданияз Baribar.kz журналисін видеоға түсіріп көрді. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Естуімше, қазір Қыран Талапбекпен бірге жұмыс істеп жүрсіз…

Жақында October Fest және Shymkent Mobilography Fest республикалық байқаулары өтті. Сол шарада Қыран Талапбек бастаған комиссия мүшелерінің қатарында болдым. Байқауға қатысушылар саны өте көп болды. Шымкентте өткен байқауда 520 қатысушының ішінен тек 20 үміткерді таңдап алдық. Барлық қатысушының видеороликтерін қарап, үздіктерін іріктедік.

— Қандай жоспарларыңыз бар?

Мені Kyran.films мобилография курсының тәлімгері ретінде бекітті. Курс сабағын өзге мемлекетте түсіреміз. Студенттерге мобилографияның қыр-сырын үйретіп, монтаж қалай жасау керегін түсіндіреміз.

Алдағы уақытта менің де өз командам болғанын қалаймын. Әлемдік деңгейдегі мобилограф дәрежесіне жетсем деймін. Америкада бұл сала жақсы дамыған. Ал Еуропада қатты дами қоймады. Сол себепті Қазақстандағы мобилографияны Еуропаға көрсеткім келеді.

— Әңгімеңізге рақмет!