Басты бетҚоғамҚазақстанда сиыр...

Қазақстанда сиыр еті, рожки және ұн арзандады

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы өсу индексі 0,0% құрады. Қабылданған шаралар есебінен төртінші апта қатарынан пияз (-0,9%), тұз (-0,4%), күріш (-0,3%) бағасының төмендеуі байқалады. Сонымен бірге сиыр еті, рожки және ұн бағасының төмендеуі (-0,1%) тіркеледі. Қалған өнімдер бойынша бағалар тұрақты, — делінген хабарламада.

Премьер-министр орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және төмендету, сонымен бірге инфляцияның жалпы деңгейін 8,5% шегінде ұстап тұру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Өңірлердің әкімдіктеріне бес айлық азық-түлік қорын қамтамасыз ету және бағаның өсуіне жол бермеу үшін уақытылы интервенция жүргізу тапсырылды.