Науқан күндері әр облыс, аймақтың ЖИТС орталықтары дәрігерлері қоғамдастықтармен және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, халықтың АИТВ-инфекциясының және COVID-19 алдын алу шаралары туралы білімін арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізді. Бизнес-құрылымдардың қызметкерлері үшін АИТВ-ға жедел тестілеу және ақпараттық-білім беру материалдарын тарату арқылы акциялар ұйымдастырылды.
Алматы облыстық ЖИТС орталығының мамандары Ләззат Абдукаримова, Арайлым Кенжебекова және Қапшағай қалалық ауруханасы жастар денсаулық орталығының жетекшісі Назгүл Жанұзақова Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің мәжіліс залына жиналған жоғары сынып оқушыларына тәрбиелік және дәрігерлік кеңестерін берген соң қойылған сұрақтарға жауап берді.
Іс-шараның екінші бөлімі Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған «АИТВ: «Әрбірін түсіну. Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату» ұраны аясындағы қызықты сайысқа ұласты. Қапшағай қаласындағы бес мектептің оқушылары АИТВ жұқпасы туралы ақпараттық блок әзірлеу, плакаттар конкурсы, флешмоб көрсетуден өзара сайысқа түсті.
Жастардың тақырыпқа қызығушылығы, ой-өріс кеңдігі, әсерлі флешмобтары көрермен көңілінен шығып жатты. Әділқазылар алқасы болған дәрігерлер сайыс қорытындысын шығарып, жүлдегерлерді Алғыс хаттармен, заттай сыйлықтармен марапаттады. Сонымен, 1-орын №4 мектепке, 2-орын Қапшағай қаласы орта мектеп-гимназияға, 3-орын А.Жұбанов атындағы №5 орта мектеп командасына бұйырды. Қызықты флешмоб үшін №1 мектеп, плакат үшін №3 мектеп, белсенді қатысқаны үшін №3 мектеп оқушылары арнайы жүлдеге ие болды.
Жарыс соңында жасөспірімдер плакатқа бүкіл әлемде АИТВ-ны тезірек жеңу туралы тілектерін жазып, оған символдық қызыл ленталарды қадады. Барлық қатысушыға ақпараттық-оқу материалдары таратылды.