Түркістан облысында оқушыларға ноутбук алу үшін бөлінген 2,5 миллиард теңге жымқырылған

Түркістан облысында қашықтан оқытуға арналған ноутбуктерді жеткізу кезінде 2,5 миллиард теңгеден аса сома жымқырылған деген дерек анықталды.

Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет «Қазақстандағы білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында пандемия кезінде мектеп оқушыларын қашықтан оқыту үшін ноутбук сатып алуға қаржы бөлгені айтылған еді. «МТ-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Түркістан облысы әкімдігінің «Адам әлеуетін дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесімен жалпы сомасы 3,4 миллиард теңгеден асатын қаржыға 21 мың ноутбук жеткізуге келісімшарт жасады. Бұл ретте 2,5 миллиард теңгеден аса сомаға жеткізілген тауар тапсырыс берушінің техникалық ерекшеліктеріне сәйкес келмеді, — делінген хабарламада.

Бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша «МТ-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы мен облыс әкімдігінің Адами әлеуетті дамыту басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Қазіргі уақытта кәсіпорын директоры Қылмыстық кодекстің 128-бабына сәйкес қамауға алынып, тергеу соты оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды, — деді Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі өкілдері.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз