Business FM радиосының жүргізушісі, журналист Риза Исаева зейнетақы қорындағы жеткілікті шектен асқан соманы ем алуға жұмсаған. Оның зейнетақы шоты 2002 жылдан бері толықтырылып келеді. Бұл уақыт ішінде Қазақстанда зейнетақыға қатысты бірнеше реформа жүрді. Бұрын жекелеген зейнетақы қорлары бар еді, кейін ондағы барлық қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қосылды.
Жеткілікті шектен асқан сомаға көзіме коррекция жасаттым, яғни қаражатты көзімнің көруін арттыруға арналған лазерлік операцияға жұмсадым. Ақшаны алу кезінде де, оны қолдану барысында да ешқандай қиындық туған жоқ. Барлығы цифрлы қолтаңбамен Отбасы банкінің қолданбасы арқылы жүзеге асты. Қолданбаны телефоныма жүктеп, лазерлік операцияның бағасына сай келетін қаражатқа өтінім жібердім. Сосын операция жасауға қажет құжаттарды жүктеп, ақша аударылғаннан кейін бірден көзіме операция жасаттым, — дейді Риза Исаева.
Оның айтуынша, бұл Қазақстан азаматтары үшін өте пайдалы шара болған. Себебі шектен артылған ақшаны көзіне операция жасауға алушылар, тісін емдететіндер көбейді.
Риза Исаева айналасындағы таныстарының жеткілікті шектен асқан сомасын көбіне ипотекасын жабуға жұмсап жатқанын айтады. Бұл олардың несие жүктемесін азайтуға көптен-көп көмек болды деп есептейді.
Жалпы, мұндай шаралар халықтың жиған-терген ақшасын өз игілігіне пайдалануға деген сенімін арттырды деп ойлаймын. Қаржыгерлер осы жеткілікті шектен асқан жинақтың бір бөлігін басқаруға беруге, яғни портфельдерге салу мәселесіне қызыққан азаматтардың көбейгенін айтады. «Бағалы қағаздар орталық депозитариінде» есепшот ашуға, IPO-ға (акциялардың алғашқы ашық сатылымы) ақша салуға, облигациялар, құнды қағаздар сатып алуға, қор нарығына қызыққан қазақстандықтар қатары артыпты, — дейді ол.
Журналист бұл мүмкіндіктерді әзірше қолданып көрмеген. Дегенмен болашақта зейнетақы қорынан ақша алып осы операцияларды да ойластырып көргісі келеді. Өйткені бұл – жақсы мүмкіндік.
Зейнетақы қорындағы ақшаны депозитке салуға қатысты мәселе көтерілген еді. Оны әзірше Парламент заң арқылы бекіткен жоқ. Өзім сол жаңалықты асыға күтіп отырмын. Өйткені Қазақстан азаматтары қорға қарағанда банктерге, депозиттерге көбірек сенеді. Сол арқылы банк депозитіндегі ақша текке жиналмай, процент арқылы көбейіп отырғанын қалайды. Сондықтан бұл зейнетақы қорынан ақша алу мүмкіндігі қарапайым азаматтардың қаржы сауатын өсіруге, қаржыны басқаруды үйренуге, қаржы портфельдерін кеңірек түсінуге және қаражатын көзге операция жасау сияқты қымбат ем шараға жұмсауға мүмкіндік берді, — дейді Риза Исаева.
Дегенмен оның айтуынша, жеткілікті шектен асқан соманы Парламент депутаттары ЭКҰ (экстракорпоральді ұрықтандыру) жасатуға беруді қарастырса, бұл кей отбасыға және қызметпен жүріп қалып, бала сүйе алмаған жандарға көмек болар еді.
Бухгалтер болып істейтін Самал Көкемаеваның зейнетақы шотына аударымдар 2008 жылдан бастап аударылып отырған. Қазір жасы — 32-де. Бұл жастағы жеткілікті шек сомасы – 2 миллион 670 мың теңге. Самал ақшаны түгел алып, баспана сатып алуға жұмсай алған.
Әуелі Enpf.kz сайтына кіріп, қанша қаражат ала алатынымды біліп алдым. Бірыңғай жинақтаушы зейнеатақы қоры мен «Отбасы банкінің» ЕNPF-OTBASY.KZ деген сайт ашқан еді. Сол порталға тіркеліп, жеке кабинетімде қанша соманы қандай мақсатта пайдаланатымды көрсетіп өтінім жібердім. Әрі қарай Отбасы банкінен шот аштым. Өтінім қабылданса, қордағы артылған ақшам осы шотқа аударылады. Жеткілікті шектен асқан ақшаны пәтер алуға жұмсамақшы болдым. Сөйтіп, баспана алуға жетпей тұрған қаржыны қордан алдым, — дейді ол.
Самалдың айтуынша, өтінімнің жауабы 2-3 күнде келіп, сұраған сомасы шотына түскен. Ендігі шаруа – пәтер іздеу. Өзі қалаған баспананы тапқаннан кейін иесіне пәтердің жарты ақысын қалтасынан төлейтінін, қалғанын қордан аударатын болып келіскен. Бұл уағда келісімшартта да көрсетіліп, оны нотариус бекітеді.
Осы келісімшарт арқылы үй менің атыма аударылды. Үйге қатысты мемлекеттік акт, мемлекеттік тіркеу, бұрынғы қожайынмен жасалған келісімшарт сияқты құжаттар менің атыма тіркелді де, сол құжаттың бәрін Еnpf-otbasy.kz сайтына жүктедім. Осыдан кейін Отбасы банкі ақшаны пәтер сатқан адамның шотына 2-3 күнде аударды, — дейді ол.
Оның айтуынша, жеткілікті шектен асқан соманы аларда аса көп қиындық болмаған. Процесс жалпы 3-4 күнге созылыпты.
Алматы тұрғыны Нұрсұлтан Қасымбеков бағдарламалаушы болып істейді. Қаржысы зейнетақы қорына 2012 жылдан бері аударыла бастаған.
Жеткілікті шектен асқан соманы үй алуға пайдаландым. Ол үшін мемлекеттік «Баспана хит» бағдарламасына қатыстық. Бағдарлама шарты бойынша алатын үй сомасының 20 процентін бастапқы жарна ретінде (первоначальный взнос) төлеу керек. Оның басым бөлігін зейнетақы қорынан алдым. Жетпеген азырақ соманы өзім жинап жүрген қаражаттан қосып, ипотека рәсімдедім. Сөйтіп Алматыдан баспаналы болдық, — дейді ол.
Нұрсұлтаннан қордағы жеткілікті шектен асқан сома «болашақта керек боп қалады ғой» деген сияқты ойдың болған-болмағанын сұрадық. Оның айтуынша, дұрысы — қазір несиеге үй сатып алу. Ипотекаға үй аларда отбасымен пәтер жалдап тұрған екен. Сол себепті пәтерге төлегенше, өз үйінде тұрып, соның несиесін төлеп отырған тиімді екенін айтады.
Еске салайық, БЖЗҚ шотындағы қаражатты 3 мақсатта алуға болады: тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу және ақшаны жекеменшік қаржы компаниялардың басқаруына беру.