Сандип Джалан. Дереккөз: SES

SES компаниясының қаржы директоры Сандип Джалан Baribar.kz редакциясына берген эксклюзив сұхбатында жоба туралы және оның пайдаланушыларға берер пайдасы жайлы әңгімелеп берді.

— Джалан мырза, сіздердің компанияның спутник байланысы нарығында қалай дамып жатқаны туралы айтып бересіз бе?

— SES – нарықтағы көшбасшы компанияның бірі. Бізде жер шарынан 36 000 шақырым қашықтықта орналасқан 50-ге жуық өте қуатты геостационарлық классикалық спутник бар. Үш спутниктің өзі өте күшті сәулелерімен Жердің барлық аумағын қамтып алуы мүмкін.

Жалпы нарықта жұмыс істеп жатқанымызға 30 жылдан асты. Компания инновациялық болып саналады, сонымен бірге біз MEO технологиясына, яғни орташа Жер маңы орбитасындағы ()Жер бетінен 8 мың шақырым қашықтық) спутниктік топқа алғашқылардың бірі болып кірдік. Бұл технология сапалы байланыс орнатады, деректерді қабылдау мен жіберу жолындағы алшақтықты азайтады. Яғни, деректер арасындағы кідіріс минималды. Қазір әлем белсенді ақпарат алмасу технологияларына көшіп жатыр, сол себепті жүктелген және жіберілген деректер арасындағы уақыт айырмашылығы өте маңызды.

Компанияның жаңашыл сипаты туралы сөз қозғасақ, біздің NGSO-ға (геостационар емес спутник орбитасы) алғашқы болып инвестиция салғанымызды және 2019 жылы орташа Жер маңы орбитасының бірінші ұрпақтағы O3b спутник тобын іске қосуды аяқтағанымызды атап өту керек. Одан бөлек MEO екінші ұрпақтағы біздің желіге, яғни 11 спутниктен тұратын O3bMEO технологиясына шамамен 2 миллиард доллар инвестициялағанымызды айтып өткен жөн. O3b mPOWER алғашқы ү.ш спутнигі 2022 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады. Бұл технология жоғары өткізу қабілетін, жоғары жылдамдықты қамтамасыз етеді. Жақында Қазақстанда жүрген SES демонстрациялық жобасында төмендеу каналы бойынша секундына 380 мегабит, ал жоғарылау арнасында 120 мегабит болады.

О3b mPOWER желісі. Дереккөз: SES
— Қазақстан үкіметімен серіктестік қалай дамып жатыр?

— Қазақстан үкіметімен байланысымыз табыс әкелуде. Республикалық ғарыштық байланыс орталығы мен AsiaNetCom секілді жергілікті серіктестеріміз бар. Қазірдің өзінде Қазақстанда қарастырылған инфрақұрылым мен активтерді белсенді түрде пайдаланып жатырмыз. Мысалы, демонстрациялық жобамыздың аясында Республикалық ғарыштық байланыс орталығына тиесілі телепортты пайдаландық, сондай-ақ инфрақұрылымдық құрамдас бөлік бойынша байланысты қамтамасыз ету үшін олардың сарапшыларымен жұмыс істедік.

— Сәуірде Қазақстанның аэроғарыш комитетімен меморандумға қол қойдыңыз. Қазір олармен қарым-қатынастарыңыз қандай деңгейде?

— Аталмыш серіктестіктің жемісін көріп жатырмыз. Меморандумға қол қойған соң техникалық бағалау кезеңіне көштік. Инфрақұрылым, активтер және білім бойынша жергілікті серіктестеріміздің мүмкіндіктерін де қарастырып жатырмыз. Яғни, өз біліміміз бен технологияларымызды спутниктік байланыс арқылы жеткізсек, жергілікті серіктестер жерүсті инфрақұрылымын жүргізіп, жергілікті контекст туралы ақпарат ұсынып отыр.

Көктерек SES
Көктеректегі спутник жүйесі. Дереккөз: SES
— Бұл серіктестіктің қазақстандықтарға қандай пайдасы бар? 

Карантин ұялы байланыс пен интернеттің өмірімізде қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Спутниктік технологиялар – мүлдем байланыс жоқ шалғай, тұрғыны аз аудандарда тұратын адамдар үшін үлкен мүмкіндік. Бір сөзбен айтқанда, спутниктік технологиялар арқылы байланыс әлі жетпеген жерлерге интернет қосып береміз.

Сонымен бірге 3G, 4G ұялы байланыс операторлары сапасының жақсаруын қамтамасыз етеміз. Байланыстың үзілуі, интернеттің қосылмауы сияқты мәселелерді шешеміз. Яғни спутниктік технологиялардың арқасында қолданыстағы қызметтердің сапасы артады.

— Нарық қатысушысы әрі сарапшы ретінде Қазақстандағы интернет деңгейін қалай бағалайсыз?

— Қазақстан өз халқын байланыс желілерімен қамтамасыз етіп отырған көшбасшы елдердің бірі дер едім. Қазіргі уақытта халықтың 80%-інде интернет пен ұялы байланыс бар. Оған қоса спутниктік технологияның болуы ел экономикасын дамыта түсуде және адам құқығының сақталуын қалыптастырып отыр. Меніңше, қазіргі кезде интернетке ие болу – негізгі адам құқығының бірі.

Сандип Джалан. Дереккөз: SES
– Сіздердің технологиядан қандай салалар пайда көре алады?

Меніңше, бүгінде байланыс өміріміздің маңызды бөлшегіне айналды. Қазіргі кезде жай ғана байланысты орнату емес, кез келген адам тапсырмасын кедергісіз, уақытында орындай алатындай жоғары сападағы байланыстың болуы шарт. Бұдан бөлек мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері сапалы байланысқа ие бола алады. Осы тұста бұрын бейнеконтент секторында көп жұмыс істегенімізді атап өткім келеді, ал қазір деректермен жұмыс істеп жатырмыз.

Сондай-ақ біз дүниежүзіндегі үкіметтермен байланыстамыз. Қазақстан – көптеген себепке байланысты біз үшін өте маңызды аймақ. Біріншіден, біздің технологиялық шешімдер сіздердің елдің қажетіне жарайтынына сенімдіміз. Екіншіден, бұл тек алғашқы қадам. Болашақта ұялы байланыс желілері, ұялы байланыс операторлары және басқа да салалар бойынша қарқынды дамимыз. Осы жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз.