Астана полициясы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жасады

Астанада түні бойы қар жауды. Салдарынан жолдарды қалың қар басып, көлік қатынасы қиындады. Қалалық полиция департаментінің ақпаратынша, қазір арнайы техника көшелерді қардан тазалап жүр. Олар тәулік бойы жұмыс істейді.

Жүргізушілерді мұқият болуға және көліктерін жол бойына қоймауға, қоғамдық көліктің қозғалысына және қар тазалаушы техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырамыз. Жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық  режимі мен қауіпсіз ара қашықтықты қатаң сақтаңыздар, — делінген хабарламада.

Полиция көктайғақ пен бұрқасын жолдағы адамдарға қауіп төндіретінін айтты. Жүргізушілерге бағдарын алдын ала жоспарлауға, қала сыртына шықпауға кеңес берді.

Жаяу жүргіншілерге де барынша сақ болу керектігін ескертті.

Жолды кесіп өтерде телефонға телмірмей, құлаққапты шешіп, көлік жүріп келе жатпағанына көз жеткізген абзал, — делінген хабарламада.

Нұр-Сұлтан полицейлері тұрғын үйлерге қызмет көрсететін компаниялар да ауладағы қарды уақытында тазалауы қажет екенін ескертті.