Демократияны бірінші орынға қойдым. Ислам — қазақтың төл діні, түркішілік — тарихымыз. Мен үшін демократия бірінші орында және солай болып қала береді. Дегенмен ұлттық болмыс та сақталуы керек, әлеуметтік теңдік қамтамасыз етілуі қажет.
Әр адам өз түсінігіне қарай күреседі. Ал менің өз жолым бар, мен ешқашан саясаттан қол үзбеймін, соңына дейін күресемін.
Ақылмен ойлана білетін адам өзгеріп отырады, бұл өмірде барлығы құбылмалы.
Демократия орнаған елде терроризмге орын жоқ.
Психологияда «ген архетипі» деген ұғым бар. Яғни, ген қандай болса, әрекет те соған сәйкес болады. Бұл әсіресе экстремал жағдайларда — ойлануға уақыт болмағанда және бәрі рефлекс деңгейі кезінде айқын көрінеді. Қазақтарда батырлар мен көтерілісшілердің гені бар.
Біз, қазақ ұлты, кім екенімізді дұрыс білмейміз. Бұл — үлкен мәселе. Жап-жақсы жігіттер ислами секталардың ағымына еріп кетіп жатыр. Оларға «Әй, жігіттер, не істеп жатырсыңдар, неге адастыңдар?» деймін мен.
Өкінішке қарай, қазақ халқы, қазақстандықтар — саяси сауатсыз. Интеллигенция — сауатты, бірақ қорқақ.
Қазақ «Елу жылда ел жаңа» дейді. Бұл — тәңіршілдік ұстанымның негізгісі. Яғни, жарты ғасырдай уақыттан кейін қазақ-арийлер қайта туады. Бұл дүние ұлы қирау кезеңіндегі қазақтарға белгілі тарихи оптимизм сыйлауы керек.
Қазақстанда тек қазақ тілінің қолданылуы құқығы туралы айтып жатыр. Бұл — қолжетпес мақсат. Өйткені, бізге дүниенің түкпір-түкпірінен ақпарат қазақ тілінде ғана келмейді. Қазақ тілі ешқашан өлмейді. Қазақтың бар болуы үшін күресуіміз қажет — мәселе осында.
Ұрлықты тоқтатудың жолы — демократия.
Маған жаңалықты екі адам үнемі айтып отырды. Бірі — павлодарлық Байғали Мейрамғалиев, енді бірі — оралдық Әлия Әбілқайырова. Олар маған кім мен туралы не жазғанын жіберді. Осы хаттарды оқып, халықтың қолдауын сезіндім.
Жапон самурайларында мынадай өнегелі сөз бар: самурайдың міндеті – соңына дейін адал шайқасу. Мен қазақ самурайымын, менің міндетім – соңына дейін күресу. Денсаулығымды аздап түзеп, оппозициялық саясат жүргіземін, халықты ұлы Алаш төңкерісіне дайындаймын.
Халықтың «Шаңырақ оқиғасының» символы деп берген бейресми, құнды атағын мақтан тұтамын. Бірақ қалжыңсыз айтсам, Шаңырақ оқиғасының символы мен қаһарманы — халықтың өзі. Себебі айтып кеткенімдей, 2006 жылы қазіргі қазақтарда сирек кездесетін бірлік пайда болды.
Материал Азаттық Радиосының 2013 жылғы, 2021 жылғы, Zagranburo.org сайтының 2015 жылғы сұхбаты бойынша әзірленді.