Саясаттанушы Расул Жұмалы осылай деді.
Әрине, тиісті шешім партияның алқалы жиынында қарала жатар. Билік транзиті айналасында әркім пайымын бұған дейін де жасады, кейін де жасар. Алайда, өз басым көп ел осындай тағдырлы емтиханнан сүрініп тіпті құлап жатқанда Қазақстанның одан сенімді түрде әрі абыроймен өткенін оң бағалаймын. Ал енді тиісті дәстүрдің орнығуы барысында біржолата саясатпен қош айтыспай Елбасы бастапқы кезеңде бұл үрдіске бас-көз болған тәжірибе де өзін ақтап жатыр. Яғни, кезіндегі Ресейде Борис Ельциннің осымен кеттім, менен кейін шөп өспесе де бәрібірдің реті Қазақ елінде қайталанбағаны дұрыс-ақ. Бұл өз ісіне деген аяғына дейін жауапкершіліктің көрінісі, — деп жазды Расул Жұмалы Facebook-парақшасында.
Расул Жұмалы Nur Otan партиясының саяси кеңесінде тағы қандай мәселелер көтерілгенін хабарлады.
Әрине, билеуші партияның бүгінгі саяси кеңесінде айшықталған шешім бұл ғана емес. Одан бөлек Асқар Мәмин бастаған үкіметтің жұмысы, оның кемшін тұстары жайлы ағымдағы мәселелер қозғалды. Ол жайлы басқалар ой қорыта жатар, — деді ол.
Мен болсам Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Елдіктің жеті тұғыры жайлы тұжырымын атап өткенді жөн санаймын. Атап айтқанда, сөз болып отырғаны — Қазақ мемлекетшілдігі, елдің тұтастығы, Қазақ тілін қастерлеу негізіндегі ұлтаралық келісім, қоғамдық және отбасылық деңгейде ұлттық құндылықтарға жүгіну, алға басуда басымдықты білім мен ғылымға беру секілді алғышарттар. Меніңше, бұл жай ғана сөз емес, Елбасының ұзақ жылдар бойында ойлап, болашақ ұрпаққа мирас ретінде ұсынған аманаты іспеттес. Түптеп келгенде тізімде аталған міндеттердің өзектілігіне елім-жерім деген кез-келген азамат күмән келтірмес, — деп жазды саясаттанушы.