Жаппай жекешелендіруді ашық жүргізуге шақырады

Бұл жолы сатылымға «Қазақстан темір жолы», «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы, «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақтелеком» компаниялары, «Эйр Астана» мен Qazaq Air әуе компаниялары, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Астана, Қостанай, Петропавл және Қызылорда әуежайлары, Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты және «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі, KEGOC компаниясы, «Қорғас» халықаралық шекаралас ынтымақтастық орталығы, «Қазғарыш», «Самұрық-Энерго» компаниялары, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы, «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, «Қазақфильм» киностудиясы, «Бөбек» сауықтыру орталығы және Астанадағы «Думан» ойын-сауық орталығы қойылды.

Бұдан бөлек, теңгенің құлдырауы мен мұнай, металл бағасының арзандауы салдарынан «түбі көріне бастаған» ел бюджетін толтыру үшін негізгі үш мұнай өңдеу зауыты да жарым-жартылай немесе бүтіндей жекешелендірілуі мүмкін деген хабар тарады.

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ СЕБЕПТЕРІ

Кейбір қазақстандық экономистер «мемлекеттік және ұлттық компаниялар тиімді басқарылса, бұл жекешелендіру болмас еді» деп санайды. Экономика ғылымы докторы, профессор, академик, Қазақстан ғалымдары одағының президенті Оразалы Сәбденнің Азаттыққа айтуынша, топ-менеджемент пен орта буын мамандарының кәсіби деңгейі төмен. Экономист «олар білікті болғанда, мына сияқты жаппай сатылымның қажеті болмас еді» дейді.

062F9F95-D791-4649-8201-E0911378585D_w640_r1_cx24_cy21_cw72_s

Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетіне қарасты экономика институтының Астанадағы филиалы директоры, экономика ғылымының кандидаты, профессор Жангелді Шымшықовтың айтуынша, мемлекеттік менеджмент түпкі нәтижені арттыруға құлықсыз әрі мүдделі емес.

– Мемлекеттік құрылымдардың жанынан қаптап ашылған квази-мемлекеттік кәсіпорындар кәсіпкерлік пен бәсекелестікті қалыптастыруға кедергі келтіретіні соңғы кезде анықталды. Жекешелендіру процесін тоқтаусыз жүргізе беретініміздің ең басты себебі – осы, – дейді Жангелді Шымшықов.

Экономистің пікірінше, бұл жолғы жаппай сатудың тағы бір себебі – жекешелендіруден қазынаға азын-аулақ ақша түседі, бірақ ол «екі жылда триллион теңге жинала қоймас» деп болжайды.

– Жеке меншіктің қолына өткен соң кәсіпорындардан пайда да, салық та көбірек түседі, ал ең бастысы олар кәсіпкерлікті дамытып, бәсекелестікті күшейтеді. Ал бәсекелестік болған жерде сапа жақсарып, баға арзандайды, инновация енгізіледі, – дейді Жангелді Шымшықов.

Бірақ ол «жаппай жекешелендіру мүмкін емес әрі дұрыс емес, стратегиялық салаларға тиіспеу керек» деп санайды.

Академик Оразәлі Сәбденнің пікірінше, жекешелендіру ашық әрі әділ өтуі тиіс.

– Бірақ мына жекешелендіруді желеу етіп, халық емес, тағы сол қолында миллиардтары бар адамдар байи түсуі мүмкін. Бұл жолы да бәрі халықтың ақшасына байып алған миллиардерлерге сатылып кетпес үшін мына жекешелендіруді бүкіл халық болып бақылау керек. Орта таптың қолына да бірдеңе тигеніне бүкіл халықтың көзі жету үшін жекешелендіруді ашық конкурс негізінде әрі телевизия, баспасөз арқылы көрсетіп жүргізу керек. Бұл механизм қаншалықты тиімді жұмыс істейді? Алдыңғы жекешелендірулер қалай өткенін бәріміз көрдік қой. Кімге не тигенін халық біледі, – дейді Оразәлі Сәбден.

Академик, экономика және техника ғылымдарының докторы Едіге Түркебаевтың айтуынша, енді Қазақстан экономикасының бағытын кірістің көбін жергілікті кәсіпорындар беретіндей етіп өзгерту керек. Оның пікірінше, «енді сырттан ақша түспейді, сондықтан Қазақстан ішкі ресурстар есебінен дамуы керек, ал оның нәтижесі отандық халық шаруашылығының тиімділігін арттыруы тиіс».

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр күзде шетелдік және отандық бизнесмендерді жекешелендіруге қатысуға бірнеше рет шақырған. Оның сөзінше, елдің гүлденуі үшін жетекші кәсіпорындар акцияларының бақылау пакеті мемлекет иелегінде болуы шарт емес.

«Біз кәсіпорын жұмыс істеп, өнім сатқанын, маркетингтік бөлім жұмысы жолға қойылып, адамдар жақсы еңбекақы алғанын, одан салық төлегенін, ал кәсіпорынның өзі мемлекетке ақша төлегенін қалаймыз. Бар болғаны осы. Ол кәсіпорынның кімнің меншігінде екені маған бәрібір» деген президент Назарбаевтың сөзін келтірген болатын баспасөз құралдары.

Дереккөзazattyq.org