Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Алтай Көлгінов Қасым-Жомарт Тоқаевқа астананың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде есеп берді.
Астана әкімі президентке әлеуметтік нысандар құрылысының көлемін ұлғайту, газбен қамту, инвестиция тарту, үлескерлік құрылыс нысандарын салуды аяқтау жұмыстары жөнінде баяндады.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған жеңілдікпен берілетін қолжетімді баспаналар, білім беру ошақтары мен басқа да әлеуметтік нысандар саны рекордтық деңгейге жеткен. Мәселен, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер салынса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 10 мыңға дейін жеткен. 2022 жылы кемінде 10 мың әлеуметтік пәтер салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге биыл пайдалануға берілген 15 мектеп 40 мыңға жуық оқушыны қамтуға мүмкіндік берді. Келесі жылы тағы да 16 мектеп салу жоспарланған.
Кездесу барысында әкім мемлекет басшысына эпидемиология ахуалын тұрақтандыру шаралары және астанада жүргізіліп жатқан вакциналау жұмыстары туралы мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.