Қазір ол Алматыдағы Sober Road оңалту орталығында психолог, аддиктолог, тең нұсқаушы болып жұмыс істейді. Нашарқорлықпен күресу – жұмысының бір бөлігі.

«Музыкаға келгеннен кейін өмірімде «шөп» пайда болды»

Ташкентте туып-өстім. 17 жыл бұрын Алматыға көшіп келдім. Қоныс аударғаннан кейін інім екеуміз біраз уақыт ата-анасыз тұрдық. Үлкендердің бақылауы болмаған соң, «бостандықтың» не екенін алғаш білдім. Себебі бала шағымда артынан сөз ермейтін, тәрбиелі әрі озат оқушы едім.

2009 жылы колледжді үздік тәмамдағаннан кейін қалаға ата-анам қоныс аударды. Сол уақытта-ақ оларға деген қарым-қатынасым мүлдем бөлек арнаға түскен еді. Әкем мені қатаң бақылауда ұстайтын. Алайда бұрынғы бақылау маған жат болып көрінді. Жоғары оқу орнына түсіп, рэпке қызыға бастадым. Қазақ тілінде ән жазып, қатарымыз күннен-күнге көбейе берді. Рэп оқығанда мені дикцияң жақсы, ерекше даусың бар деп мақтайтын. Сол мақтауға еріп, ортамның ықпалымен есіркіге қалай тәуелді болғанымды байқамай да қалыппын.

Бекзат Байсафаров. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Анаша − бастапқыда көңіл көтеру үшін, музыканы жазған кезде қиял әлеміне бойлау үшін көмектесетін. Музыкаға келгеннен кейін өмірімде «шөп» пайда болды. Уақыт өте келе, қажеттілікке айналды. Студиядағы басты мақсатым музыка жазу емес, шегу болатын. Үйге бармай, студияда қонып жүре беретінмін. Бұл нәрселерді қолданып көрген соң өзімді биік қойып, дәрежем өсті деп ойлайтынмын.

«Досым Шудың тумасы…»

Есірткіге тәуелді болған кезде сөзімнің 99 проценті өтірік болды. Музыканың басы-қасында жүргендіктен, өнерімді және мені ұнататын қыздар баршылық еді. Алайда жүрегім бір адамды қалағандықтан, төрт жыл бойы бір қызбен кездестім. Екеуімізді досым таныстырды. Досым Шудың тумасы еді. Бізді сол жаққа қонаққа шақырады. Күннен-күнге есірткі мен алкоголь өнімдерін тұтынуым жиіледі. Есірткіге байланысты қиындыққа ұшырадым. Содан шығу үшін 200 мың теңге қажет болды. Достарым ақша тауып берді. Алайда жұмыссыз жүргендіктен, маған мұндай қарызды қайтару қиынға соқты, берешегім де көбейді. Сол уақытта інім букмекерлік кеңсеге ақша тігіп көруді ұсынды.

Танысымның маған 10 мың теңге қарызы бар екені есіме түсті. Ол тек жарты сомасын бере алды. Қызым букмекерлік кеңседе жұмыс істейтін. 2 мың теңгеге бензин құйдым, сосын логин ашқызып, 3 мың теңгені шотқа салдым. Өзімді жүйеге қарсы шыққан математик деп санадым.

Бір түннің ішінде шотымды 56 мың теңгеге көтердім. Келесі күні шотымда 300 мыңнан астам теңге болды. Қарыздардан тез құтылдым. Ал келесі айларда шотым орташа есеппен 1 миллион теңгеге дейін өсті. Сол уақытта ақшаға ұқыпсыз болып, күніне 200-300 мың теңгеден көңіл көтеруге жұмсай беретінмін. Негізгі алатыным есірткі және алкоголь. Қызымның ақыл-кеңесіне де құлақ түрмедім, ең соңында айырылысып кеттік.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Отбасындағы рөлімді жоғалтып алдым»

Бекзат құмар ойындарға 7 жылын құрбан еткен. Ғылымда мұны «лудомония» деп атайды. Мұндай ойынқұмарлар қолда бар ақшаны тәуекел етіп, оны кездейсоқ ұтыс арқылы көбейтуге тырысады. Сарапшылар ойынқұмарлықты психологиялық аурулар қатарына жатқызады. Бейресми ақпараттарға сәйкес, Қазақстандағы қара тізімде 350 мыңнан аса адам бар. Оларды дер кезінде емдемесе, тәуелдіктен арылту өте қиын.

Бекзат өмірінің осы кезеңінде маңызды құндылықтарды жоғалтып алғанын айтты.

Үйдің үлкені әрі үлгі тұтар ағасы болғандықтан, маған артылған жүк оңай емес еді. Бұл құндылықты жоғалтып алғанымды кеш түсіндім. Ата-анам мені ренжітіп алуға қорқатын, өзімді тым агрессивті ұстайтынмын. Қазір өткенімді еске алсам, отбасы сенімін және өз рөлімді жоғалтқанымды түсінемін. Екіншіден, достарымнан айырылдым. Қанша жолдас-танысымды алдап, ақшасын қайтармаған кезім болды. Дос деген сөздің құндылығын түсінбей, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Үлкендерді құрметтеуден қалдым, − деді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Бекзат, кім болып кеткенсің?»

Қиын сәтке түскенімде көмек бергендердің қарасы көп еді. Оның ішінде бірінші болып, қол ұшын созған адам – інім. Жылап тұрып, «Бекзат, кім болып кеткенсің? Мен үшін идеал едің ғой. Қазір кімсің сен?» деді. Қазір бұл жағдайды есіме түсірсем, қатты өкінемін. Осы уақытта әпкем де көмектесті. Оңалту орталығына барып емделетінімді айтты. Бастапқы екі айда барлық емдеу шарасын мұқият орындап жүргеніммен, прогресс байқалған жоқ. Өйткені іште жиналған күйзеліс сыртқа шықпаған еді. Емделу барысында «ішкі эгомды» жеңу қиын болды. Кейін бірнеше аптадан соң, психологтарға ашылып сөйлеп, оң нәтиже көрсеттім.

Оңалту орталығынан шығып, қажеттіліктерімді оқуға, жұмысқа алмастырдым. Басты мақсатым – мен секілді жандарға көмек беріп, аз да болсын септігімді тигізу. Бес жылдан бері бұл зиянды затты қолданған жоқпын.

Оңалту орталығының кординаторы Данияр Кенжеғали есірткіге тәуелді кез келген адам өзінің ауру екенін мойындамайтынын айтты.

Керісінше, жоққа шығарады. Мұндай жастарға мотивация беру өте қиын. Оларды карьера, білім алу, спортпен шұғылдану тіпті қызықтырмайды. Осындай жағдайларда ата-анамен тығыз жұмыс істеп, балаларға мотивация беру бойынша түрлі әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Содан кейін жасөспірімдер оң нәтиже көрсетеді, − деді Данияр Кенжеғали.

Данияр Кенжеғали. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Есірткі адам таңдамайды»

Бекзат Байсафаров психолог маман ретінде ойынқұмарлықта және ескірткіні қолданған кезде бірнеше гормон бөлінетінін баса айтты. Олар: сератонин, дофамин, эндорфин. Бұл гормондарды спортпен, дұға ету, жұмыс, хобби тағы басқалармен алмастыруға болатынын атап өтті.

Менің түсінгенім, есірткіге, алкогольге және ойынға деген құмарлық адам таңдамайды, − дейді ол.

Ал Данияр Кенжеғали оңалту орталығында арнайы бөлімдер бар екенін атап өтті.

Мәселен, орталық мамандары емделушіге тең кеңесші болып жұмыс істейді. Маман өзінің басынан өткенін айтып, терапия қабылдаушыға мотивация береді. Жоғарыда атап өткенімдей, олар толық емделгісі келмейді. Бірі денсаулығы қатты нашарлай бастағанда, енді бірі туыстарының айтуымен келеді. Науқас алғашқы күннен бастап, психотерапия курсынан өтеді. Биыл наурыз айынан бері Sober Road атты жобамыз жүріп жатыр. Осы жоба бойынша 50 науқас емделіп шықты. Бұдан бөлек, 700-ге жуық адам кеңес алды, − деді маман.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазіргі таңда Қазақстандағы жасөспірімдердің көбі мефедронға әуес. Маманның дерегінше, орталыққа кеңес алу үшін немесе емделуге келетіндердің дені 14 және 35 жас аралығындағы қыз-жігіттер екен.

Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, есірткіні қолданатындардың 70%-і − жасөспірімдер мен жастар. Кейінгі жылдары ұлдардың 56%-і және қыздардың 20%-і есірткі қолданған. Ал 45% және 18%-і әлі де тұтынуды жалғастырып келе жатыр. Өкінішке қарай, кей дәріханада есірткі заттары бар дәрі-дәрмектерді рецептсіз сатып алуға болады, − деді Бекзат Байсафаров.

Ол қалыпты өмірге оралғаннан кейін отбасы құрғанын, бір қызы бар екенін зор қуанышпен айтады.

Қазір өзімді бақыттымын десем де болады. Себебі ата-анам, бауырларым, жарым, қызым бар. Артқа оралғым келмейді. Онда өкініш, ауыр салдар қалды, − деді ол.