Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.
Премьер-министр қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін арттырумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Құқығы қорғалатынына сенімді тұтынушылар тарапынан сапалы тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге сұраныс жоғары болады.
Пандемия кезінде электрон сауда қызметтеріне сұраныс күрт өсті. Сондықтан тұтынушылар құқығының бұзылуына жол бермеу үшін құқықтық нормаларды одан әрі жетілдіру қажет, — деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, былтыр заңнамаға түзетулер енгізілді, үкімет жанынан ведомствоаралық кеңес құрылып, тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Омбудсмен институты тиімді басқарудың заманауи моделінің ажырамас бөлігіне айналды. Көптеген елдердің тәжірибесі тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу қажеттігін айғақтайды. Оның міндеті тұтынушыларға құқықтық көмек көрсету болмақ, — деді премьер-министр.
Омбудсмен институтын енгізу нормасы қазір әзірленіп жатқан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасында жазылады.
Асқар Мамин осы бағыттағы жұмыстарды қолдайтынын атап өтті.
Ол сонымен бірге азаматтардың өтінішін жүйеге келтіру және мемлекеттік органдар тарапынан жедел ден қою үшін E-tutynushy жүйесін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен интеграциялау қажет екенін айтты. Бұл жұмысты 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін аяқтауды тапсырды.
Бұдан бөлек, халықтың қаржылық сауатын арттыруды, бұл мәселені 2022 жылға арналған мемлекеттік ақпараттық саясат аясында пысықтауды тапсырды.