Қазір бұл мәселе пысықталып жатыр. Мемлекетте орналасқан кез келген зертхананы толығымен Қазақстан басқарады. Қазіргі таңда қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр. Иә, мемлекет есебінен қаржыландырылады… мұның қаншалықты қажет екені зерделену үстінде, — деді Алексей Цой Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.
Министр зертхана құрылысына жұмсалатын қаржы сомасын нақты білмейтінін айтты.
Қазақстанға мұндай нысан не үшін қажет деген сұраққа Алексей Цой елде жұмыс істеп тұрған BSL-3 зертханасын мысалға келтірді. Айта кетейік, ол биоқауіпсіздіктің үшінші деңгейіне ие.
Бізде BSL-3 зертханасы бар. Ол COVID сияқты штамдарды зерттеумен айналысады. Осы зертхананың арқасында біз вакцинаны тез дайындап шығардық, штамдарға ден қою үшін диагностика әзірледік. Ал қарапайым зертханада қауіпті штамдармен жұмыс істеу мүмкін емес, себебі олар жұқпалы, — деді Алексей Цой.
Министрдің айтуынша, мұндай зертханаларда жағдай жасалған: қорғаныш костюмдері бар, іштегі ауа арнайы тазартылып тұрады.
Сол себепті бұл мәселе зерттеліп жатыр. Әзірге бізде мұндай зертхана бар, біз оның базасында QazVac вакцинасын әзірледік, — деді ведомство басшысы.
Қазақстанда аса қауіпті штамдарға арналған биозертхана салуды көздейтін үкімет қаулысы жобасын қоғамдық талқылау аяқталды.
Құжатқа сәйкес, 2025 жылдың төртінші тоқсанында Жамбыл облысы Гвардейский кентінде биологиялық зертхана салынады.
Нысанның толық атауы: BSL-4 зертханасы мен қауіпті және аса қауіпті штамдарға арналған жерасты қоймасы.