Елімізде шыны және керамика шығаратын зауыттар салынады

Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, отандық тауарлардың ассортиментін кеңейту үшін жаңа жобалар жүзеге асырылады.

2022 жылы Қызылорда облысында қуаты жылына 197,1 мың тонна болатын Orda Glass LTD табақ шыны өндірісі жобасын пайдалануға беру жоспарланған. Инвестиция көлемі 42,1 миллиард теңге. Бұл жоба ішкі нарықтың табақ шыныға қажеттілігінің 98%-ін өтейді, — деді Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында.

Сонымен бірге 2023 жылға дейін шетелдік инвесторлардың (Швейцария, Түркия, Өзбекстан) қатысуымен керамика плиткасын шығаратын үш жаңа кәсіпорын іске қосылады. Зауыттар ішкі нарықтың сұранысын 90% қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін кальцийленген сода өндіретін екі жаңа кәсіпорын салынады. Зауыттар Жамбыл облысы мен Павлодар облысында ашылады.

Осы жобаларды пайдалануға беру ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, —  деді министр.