Басты бетҚоғамАида Балаева:...

Аида Балаева: Еліміздің азаматтық секторы Орталық Азиядағы ең дамыған қоғамдық институтқа айналды

Форумның ашылуында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Қазақстанның азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева сөз алды.

Аида Балаева өз сөзінде X Азаматтық форумның жұмысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығының қорытындыларына арналған маңызды оқиға екенін атап өтті.

Тәуелсіздік таңында Қазақстанның азаматтық секторы ондаған ҮЕҰ-дан басталды. Бүгінде еліміздің бұл саласы Орталық Азиядағы ең дамыған қоғамдық институтқа айналды. Мәселен, жыл сайын қазақстандық «үшінші сектордың» қатары орта есеппен 150 жаңа қатысушыға қосылып келеді. Азаматтық форум — бұл кейбіреулер дәйексіз айтатындай «ҮЕҰ өкілдерінің декларативті-хаттамалық жиыны» емес, ал қолданбалы идеялар мен бастамалар туындайтын, министрлер мен әкімдер азаматтық белсенділермен тең дәрежеде бірлескен іс-қимыл жоспарларын жасайтын, жекелеген әлеуметтік проблемаларды шешуге мемлекет ҮЕҰ-ды тартатын нақты жұмыс процесі, — деді министр.

Айта кетейік, X Азаматтық форум жұмысына тұңғыш рет Қазақстанның ЕҚЫҰ, БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, Фридрих Эберт қоры, ЮНЕСКО, ЮСАИД сияқты халықаралық серіктестері қатысуда. Аида Балаева олардың қазақстандық азаматтық қоғамның дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Бұл миссияларға сындарлы диалог пен құнды ұсыныстар үшін, өзара түсіністік пен қолдау үшін, адамгершілік пен ашықтық танытқан үшін алғыс айтқым келеді, — деді министр.

X Азаматтық форумның жұмысы 22-26 қараша аралығында Нұр-Сұлтан және Алматыда 5 күн бойы гибридті, яғни онлайн және офлайн форматта қатар өтеді.