Алматы облысында Өзбекстан азаматы оқушыға шабуыл жасады деген күдікке ілінді

Бұл туралы «НеМолчиKZ» қоры хабарлады.

Қордың мәліметінше, оқиға 16 қараша күні сағат 13.00 шамасында Қаскелеңдегі автобус аялдамасының маңында болған.

Өзбекстан азаматы аялдама маңында 6-сынып оқушысына шабуыл жасаған. Қыз бірінші шабуыл жасаған кезде қашып үлгерген, бірақ ол  қуып жетіп, оны аялдамадағы орындыққа итеріп жіберген. Оны байқаған жақын маңдағылар көмектесіп, құтқарып қалған. Қазір ол 15 тәулікке қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторында отыр, бірақ зардап шеккен қыздың туыстары бұл жазамен келіспейді, — деді «НеМолчиKZ» қоры оқиғаның видеосын жариялап.

Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл дерек бойынша Өзбекстан Республикасының 39 жастағы азаматы Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 517-бабы 4-бөлігін бұзғаны үшін ұсталған, әкімшілік сот оны 30 тәулікке қамауға алды, қазір полицияның қабылдау-бөлу бөлімінде жатыр.

Сауалнама барысында кәмелетке толмаған бала мектепке барар жолда оның артынан ер адам келе жатқанын, ұстап алып, ақша талап еткенін, бірақ ол сытылып шығып, ары қарай жүре бергенін түсіндірді. Аялдама кешені маңында сол ер адам қайтадан киімінен ұстап алып, күшпен орындыққа отырғызған. Осы кезде куәгерлер оған көмекке келіп, ер адам оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 24 және 191-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тергеу барысында тиісті сараптамалар тағайындалады, істі дұрыс шешу үшін тергеу әрекеттері жүргізіледі, — деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.