Қазіргі кезде тас жолдарда полиция кезекшілік атқарып жүр. Олар алыс жолға шыққандарды кері қайтарып жатыр.
Азаматтарды ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, көлікпен ұзақ сапарды алдын ала жоспарлауға және құтқару қызметінің хабарламаларына назар аударуға шақырамыз. Ал ауа райы нашарлаған кезде елді мекендерден тыс жерлерге шықпаған дұрыс. Ондайда көліктің балама түрін пайдаланған жөн, — дейді полицейлер.
Таразда алапат дауыл болды. Салдарынан тұрғын үйлерде жарық өшті. Мамандардың айтуынша, стратегиялық маңызы бар нысандарда автономды энергия көздері қарастырылған.
«Қазгидромет» РМК ауа райына байланысты Жамбыл облысында дабылды ескерту жариялаған.
17 қарашада Жамбыл облысының оңтүстік-батысында және таулы аудандарында қалың қар жауады. Солтүстік-шығысында, оңтүстік-батысында, таулы аудандарында тұман, көктайғақ мен жаяу бұрқасын болады. Ал желдің екпіні секундына 23-28 метрге, кей кезде 30 метрге дейін жетеді, — делінген хабарламада.