Түркістан облысынан солтүстік өңірлерге кейінгі бес жылда 6 мың адам көшті

Бұл туралы Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева айтты.

Қазірге дейін қоныс аударушылардың басым бөлігі тұрғын үй және жұмыспен қамтылған. Ал өз кәсібін бастап, егін, мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге жер учаскесі беріледі, — деді ол.

Облыс бойынша «Еңбек «мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірге дейін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 85 942 адам қатысты.

2021 жылдың бірінші қарашасындағы жағдай бойынша 1 872 жаңа жұмыс орны құрылды, 1 377 адамға міндетті зейнетақы жарналары аударылды. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 886 адам жіберілді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасын іске асыру мақсатында қазір 225 адам жіберілді. Сонымен бірге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 2 501 адамға қызмет көрсетілді, — деді Әсия Темірбаева.

2021 жылдың бірінші қарашасындағы жағдай бойынша облыста 41,5 мың отбасыға 11,2 миллиард сомасында атаулы әлеуметтік көмек берілді. Оның ішінде еңбекке жарамды 64 656 адамның 47 мыңы жұмысқа орналастырылды.