«Ihuan Hani» компаниясының бас директоры Хани Алаклук мырза қой малын экспорттау бойынша жергілікті бизнесмендермен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға дайын екендігін жеткізді.
«Аймақтық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған кездесу барысында облысымызға сапар шеккен арабиялық «Ihuan Hani» компаниясының өкілдері, ҚР консулдығының өкілдері және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Жамбыл облысынан тірі қойларды экспорттау жөнінде келісімге келді. Шетелдік инвесторлар өңірдің шаруа қожалықтарынан үлкен көлемде қой малын сатып алу мүмкіндігін қарастыруда», — деп түсіндірді Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасынан.
Сондай-ақ шетелдік компания басшысы облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға инвестиция құю мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын мәлімдеді. «Ihuan Hani» компаниясы Жамбыл облысынан меринос, ақ қой және қазақи қойдың жылына 100 мың басын сатып алуға дайын. Алайда жануарлардың құлақтарында таңбалары мен сырғалары болмауы шарт, жастары 4-6 айлық, ал салмағы 20 келіден аспауы тиіс.
Айта кетейік, Сауд Арабиясына Судан Республикасынан әр басы 65 долларға бағаланатын қара қойлар әкелінеді, сондай-ақ Австралия мен АҚШ-тан қойлар жеткізілетін көрінеді. Меккеге қажылық кезінде Сауд Арабиясы 6 миллионнан 12 миллионға дейін мал импорттайды.