Басты бетҚоғамАқтоты Райымқұлова...

Ақтоты Райымқұлова Жетісу спортшыларымен кездесті

Зілтемірді білегінде ойнатқан толағайлардың бәсекесін тамашалауға арнайы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, облыс әкімі Амандық Баталов, мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі Ислам Байрамуков, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Серік Қасқабасов, Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Ақтоты Райымқұлова:

Елбасы мен мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында халықтың экономикалық әл ауқатымен қатар спорт та қарыштап дамып келеді. Спорт ­– ел дамуының басым бағыттарының бірі. Үкіметтің қолдауымен Қазақстан спорты әлемдік бәсекеге қабілетті деңгейімен танылды. Осы іске үлес қосып, республикалық шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен облыс басшылығына, Ауыр атлетика федерациясына ризашылығымды білдіремін, ­– деп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Амандық Ғаббасұлы:

Бұл жарысты өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Қасиетті Жетісу жерінен әлемдік ареналарда топ жарып жүрген спортшылар көптеп шығуда. Байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап жүрген тау көтерген толағайлар да жыл санап артып келеді. 2015 жылдан бүгінге дейін облыста 13 спорттық сауықтыру кешені салыды. Биыл олимпиадалық жүзу бассейні пайдалануға берілді. Тағы 4 спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Осындай қолдау шараларының арқасында облыс спортшыларының жетістіктері артып, бүгінгідей айтулы шаралар тұрақты өткізіліп келеді, ­– деп, облыстағы спортшылардың жетістігін айтты.

Осыдан кейін Араб түбегінің Джедда қаласында өткен әлем біріншілігінде жеңістің желкенін көтерген облыс спортшысы Руфина Чалкарова мен Қызылорда облысының ауыр атлеті Рахат Бекболатқа мәдениет және спорт министрі мен Ауыр атлетика федерациясының Алғыс хаты және ақшалай сыйлық табысталды.

Толағайлардың бәсекесі тартысты басталды. Еліміздің әр қиырынан 15 команданың спортшылары 20 түрлі салмақ дәрежесі сынға түсті. Әрқайсысы жеңімпаз атану үшін барын салуда. Айта кетейік, ел біріншілігі 11 қарашаға дейін жалғасады.

Осыдан кейін Мәдениет және спорт министрі қолбасшы-батыр Жолбарыс Жылқайдарұлың ескерткішіне барды. Келесі кезекте «Жастар» спорт сарайына барып, «Жетісу» волейбол клубының қыздарымен әңгімелесті. Қазақстанның 8 дүркін жеңімпазы болған волейболшы қыздармен естелік суретке түсіп, спортшылардың алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.

Сапар соңында Ескелді ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенін аралап, ондағы жұмыс барысымен танысып, жас спортшылармен кездесті.