Басты бетҚоғамМаңғыстау облысында...

Маңғыстау облысында зауыт жұмысшылары ереуілге шықты

КТК телеарнасының хабарлауынша, жұмысшылар жалақыны 60% көтерсін деп талап қойып отыр.

Азық-түлік қымбаттап, тіпті өздері өндірген құрылыс материалының құны өссе де, еңбекақы өзгеріссіз қалған. Зауыт басшылығы заңгерлер жалақыға қатысты жаңа келісімшарт жасап жатқанын айтады.

Цемент зауытының механик, инженер, электрик, машинист, көлік жүргізуші сынды 200-ге жуық жұмысшысы екі күннен бері басшыларынан жалақыны көтеруді сұрап ереуілдетіп тұр. Наразылар ысқырған жел, қақаған суықты да елемейді. Бастысы айлықты 60% көтерсе болды деп отыр.

Азық-түлік бағасын көріп отысыңдар. Әсіресе Маңғыстау облысында қымбат. Күннен-күнге өсіп жатыр. Сол үшін бейбіт митингке шықтық. Қауіпті аймақта жұмыс істейміз. Мына цемент дейтін нәрсе пеште қайнайды, мың  градуста. Таулы аймақтар бар жүк таситын.  Жұмыстың қиындығы былай тұрсын, тіпті зияны жоғары жерде жұмыс істегенімізге де жарытып төлемейді, — дейді зауыт жұмысшысы Асылбек Озғанов.

Жұмысшылар зауыт басшылығына бір жарым ай бұрын хат жазған екен. Бірақ, қанша айтып шырылдасақ, тыңдар құлақ табылмай тұр деп ашынады.

Алдында біз Алматыдағы құрылтайшыға «Хейделберг цемент» компаниясының басшысына В.Халатқа хат жазғанбыз. Онда да 30-35 пайызға көтеруді талап еттік. Ол талабымызға мән берген жоқ. Оның орнына жұмыстан шығарамын сес көрсетті. Үкіметке жалақы 200 мыңнан асады деп есеп береді. Шын мәнінде олай емес. 80 мыңнан басталады, жұмысшылардыкі 200 мыңға жетпейді, — дейді зауыт жұмысшысы Самат Айтбаев.

Ал зауыт басшылығы қызметкерлеріне жалақыны көтерудің екі нұсқасын ұсындық дейді. Оның біреуі барлығының айлығына бірдей 48 мың теңге қосу болса, екіншісі 26 мың мен 56 мың аралығында көбейту.

Біреуін қабылдап бір шешімге келген соң, келер жылдың жоспарына қоспақ.

Соның біреуіне тоқталамыз. 2022 жылдың бюджетіне қосымша 150 млн теңге қарастырдық. Бұл сома еңбекақыны көтеруге бағытталады. Жаңа жылдан бастап жұмысшыларымыз ең аз дегенде 193 мың теңге жалақы алады деп жоспарлап отырмыз, — дейді «Каспий цемент» ЖШС бас директоры Иван Пак.

Зауыт басшылығы жалақыны бұдан артық көтере алмайтынын айтып отыр.

Айтуларынша, қазір мекеменің заңгерлері арнайы келісімшарт жасақтап жатыр. Құжат дайын болған соң, жұмыс беруші мен жұмысшылар оны өзара талқылап ортақ мәмілеге келуі қажет. Бірақ жаңа ереже 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Енді ереуілшілердің жаңа жылға дейін күтуден басқа амалы жоқ.