Басты бетЖаңалықтарПарижде «Қорқыт»...

Парижде «Қорқыт» мәдени орталығы ашылды

Мәдени орталықта қазақ диаспорасына туған тілін үйретуге арналған арнайы курстар бар. Қазақ тілін меңгергісі келетін жандар арасында Қазақстаннан бала асырап алған француздар да бар.

«Мен Қазқастаннан бала асырап алдым. Ол екі мәдениеттің өкілі. Францияда тұрады. Сол себепті менің ұлым үшін қазақ тілін үйрететін орталықтың ашылуы – өте маңызды оқиға. Мен бұған өте қуаныштымын, себебі балама мұның бәрін жалғыз өзім үйрете алмас едім», — дейді Франция азаматы Каролин Лебрард.

Франциядағы қазақ диаспорасының өкілдері бұл орталықтың маңызы зор екендігін жеткізді. Себебі Францияда бұрын соңды мұндай мекеме болмаған екен.

Ашылу салтанатында орталықтың құрылуына бастамашы болған музыканттар Әйгерім Ерсайынова мен Әйгерім Матаева өнер көрсетті.

«Біз барлығын өз күшімізбен жасап жатырмыз. Бұл кешті ұйымдастыруға Елшілік көмектесті. Сондай-ақ, біз сабақ өткізу үшін түрік мәдениет орталығының залын аптасына 4 күнге жалға аламыз. Бірақ, әрине, болашақта өзіміздің орталығымыз, өз залымыз болғанын қалаймыз. Қазақстандағы азаматтар, меценаттар, өнер өкілдері қазақ мәдениетін өзге елге таныту, балаларға қазақ тілін үйрету ісіне бейжай қарамайды деген үміттеміз. Себебі өскелең ұрпаққа бізден кейін мәңгіге қалатын ол мәдениет», — дейді Әйгерім Матаева.

Айта кетейік, «Қорқыт» қазақ мәдени орталығы Париждің 9-шы округінде орналасқан.

ДереккөзAzattyq.org