— Көп жыл бойы мемлекеттік қызметте болдыңыз. Жеке компанияға кететіндей ТШО сізге қандай уәде берді?
Әлбетте, бұны кездейсоқ деуге келмес. Біз, яғни құлсарылықтар Теңізді 70-жылдардың соңы, 80-жылдардың басынан бастап білеміз. Алайда ғаламат дамуды Компартияның 1986 жылғы XXVII съезінен кейін көрдік: съезд қорытындысында қабылданған шешімде «Теңіз және Қарашығанақ газ конденсат кен орнын игеруді жеделдету керек» деген бір-ақ жол болды. Осы шешімге сәйкес, Кең Жылыойға КСРО-ның түкпір-түкпірінен ел ағылып, жолдар, технологиялық желілер кешені, вахталық кент салынып, құрылыс жұмыстары қызып жатты. Сол тұста мен Жылыой аудандық партия комитетінде нұсқаушы едім, барлық өндірістік және құрылыс ұйымдарын қадағалау міндетім болды. Мұнайшылар тартқан ауыртпалық пен олардың қажеті маған жақсы таныс.
1990 жылы мені Ленинград Жоғары партия мектебіне оқуға жіберді, кейін бұл оқу орны Солтүстік-Батыс кадрлар орталығына айналды. Оқу бітірген соң оқытушы-саясаттанушы мамандығына ие болдым. Бірнеше жылдан кейін Жылыой ауданының әкімі етіп тағайындады. Осы жылдарда Атырау облысының үш әкімі, яғни Равиль Шырдабаев, Иманғали Тасмағамбетов және Серікбек Даукеевпен жұмыс жасап үлгердім және туған ауданымның барлық мұң-мұқтажын терең біле алдым.
Бірнеше жылдан кейін аудан басшысы лауазымында жүрген мені Теңізшевройл компаниясына мемлекеттік органдармен қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ әлеуметтік саясатты дамытуға шақырды. Келістім. Қарап отырсаңыз, бәрі тұспа-тұс келіп тұр: туған ауданымның «ауыртпалығын» арқалап, мәселелерін шешуге көмектесуді жалғастыру мүмкіндігіне ие болдым, ал компания менің арқамда мемлекеттік органдармен жұмысты барынша тиімді түрде атқарып, жолға қойды.
— Менің сұрайын дегенім, cіз әкім кезіңізде сол кезде қыруар қаржы болып саналатын екі миллион долларды өз ауданыңызға бөлдіртуге ТШО-ны қалай көндірдіңіз? Сол тұста компания осынша қаржыны бүкіл Атырау облысына бөлді емес пе?
— Облыс әкімі лауазымына Иманғали Тасмағамбетов келгенде, бірінші кезекте Атырауды «көтеру» керектігін бірден айтты. Сондықтан алғашқы жылы ірі компаниялармен демеушілік қолдау туралы келісуді өз қолына алды. Сол кезде ТШО-ның бас директоры Том Уинтертон, ал оның орынбасары Жылыой ауданы, Қосшағыл ауылының тумасы Борис Шырдабаев болатын. Бірде мен Борис Шырдабаевқа кен орны орналасқан және олардың көптеген жұмысшылары тұратын ауданды ТШО басшылығына көрсетуді ұсындым. Басшылық ұсынысымды қабыл алды. Мен қазіргі уақытта орны ғана қалған Сарықамыстан бастап Қаратонға, одан әрі Қосшағылға дейінгі ауданның барлық ауылдары мен кенттеріне апардым… Өзіңіз білесіз, 90-жылдар, адам төзгісіз жағдай, жол жоқ, су жоқ, коммуналдық шаруашылық құлдырап жатыр, зейнетақы, балалар жәрдемақысы бойынша қарыз тағы бар. Осының бәрі, жұқалап айтқанда, Том Уинтертонға аса жақсы әсер қалдыра қойған жоқ. Ол Қазақстан мұнайының 30%-і өндірілетін аудан халқының осылай өмір сүретініне сене алмады. Ақыры сапар оң нәтижесін берді. ТШО-да әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды өздері тұрып, жұмыс істейтін жерде, яғни Жылыой ауданында шоғырландыру туралы шешім дәл сол кезде қабылданды. Бірнеше айдан кейін ТШО-дан «Игілік» атты жаңа ерікті корпоративтік әлеуметтік бағдарлама басталатыны туралы хат келді. Онда бағдарлама шеңберінде Атырау облысының қажетіне екі миллион доллар және бұған қосымша Жылыой ауданына екі миллион доллар бөлінетіндігі туралы шешім қабылданғандығы жазылыпты. Сонда олардың жақында мені тағы бір кездесуге шақыратынын түсіндім.
— Шақырды ма?
— Иә. Иманғали Тасмағамбетов әзілдеп «Сен не, жеке мемлекет пе едің? Неге бүкіл облысқа екі миллион, ал сендерге, Жылыой ауданына бөлек екі миллион бөлінеді?» деді. Орынбасары Болат Палымбетов оған жыл бойы ірі демеушілерді мазаламауды өзінің сұрағанын, алайда бір жыл өткенін және аудан әкімінің өңірге әлеуметтік инвестициялар тарту туралы бастама көтергенін айтты. «Барлық әкім осылай жұмыс істесе ғой», — деп жуып-шайып жіберді.
— Рзабек Дәуітұлы, ТШО-ның аймақтағы әлеуметтік бағдарламасының өмірге келуіне сіз де үлес қостыңыз деп айта аламыз ба?
— Ол кезде компанияда жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджер Мария Қаражігітова болатын. Мариямен және ТШО басшылығымен бірлесе атқарылған жұмыс «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың ерікті бағдарламасының пайда болуына ықпал етті. Бағдарлама шеңберінде компания көп жыл бойы мектеп, емхана, балабақша секілді әлеуметтік маңызы бар нысандар салып келеді.
Сол жылдары келісімшарт бойынша компания міндеттемелерінің бір бөлігі саналатын «Bonus Fund Atyrau» әлеуметтік бағдарламасы аяқталып қалған болатын. Бұл бағдарлама бес жыл ішінде әлеуметтік нысандарға 50 миллион АҚШ долларын жұмсауды көздеген еді. Жоба өз міндетін орындап болысымен «Игілік» атты жаңа ерікті бағдарлама басталды. Оның шеңберінде 1993 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін балабақша, мектеп, аурухана, дене шынықтыру-сауықтыру кешені сияқты 133 нысан салынды. Сайып келгенде, ТШО Атырау облысының тұрғындары мен қызметкерлері үшін әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 2,1 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат жұмсады.
— Әңгімені Жылыой ауданындағы алғашқы екі миллионға бұрсақ. Халыққа қандай пайда әкелді?
— Ең алдымен, әкімдік қаржыны су мен жол проблемасын шешуге бағыттады. Одан кейін мектептер, балабақшалар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды. «Игілік» бағдарламасы ә дегенде төрт миллион АҚШ долларынан басталса, қазір жылдық қоры 25 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Елестетіп көріңіз, ауыл, жұмыссыздық, ал бір балабақша тәрбиеші, күтуші, ас үй жұмысшысы, күзетшіл секілді шамамен 40-70 жұмыс орнын бере алады. Сондықтан жаңа нысандар салу есебінен ТШО мыңдаған жаңа жұмыс орынын ашты.
Сонымен қатар ТШО-да жұмыс істей отырып, «Игілік» бағдарламасына қосымша әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын қолға алдық. Бағдарламаның мәні — білім беру, денсаулық сақтау, сондай-ақ әлеуметтік бизнесті қолдау қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған жергілікті тұрғындардың, азаматтық белсенділердің және ҮЕҰ-ның ұзақ мерзімді бастамаларын қолдау. Осылайша біз Атырау облысының тұрғындарына көмек көрсету философиясын өзгерте алдық: жеке адамдарға «балық» беруді тоқтатып, оның орнына белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдарды мұқтаж адамдарға «қармақты» қолдануға және өздерін «балықпен» қамтамасыз етуге үйрету үшін қажетті құралдар ұсындық. Осының арқасында көптеген адамға қолдау көрсеттік және бұл ұзақ мерзімді болашақта оң нәтижелер әкелді.
— Қазір шенеунік емес, бас менеджер ретінде осындай жобаларға қатысуды жалғастырып келесіз бе? Әлде компанияларға неге мән беру керектігін айтып, кеңес бересіз бе?
— Біз бұл үрдісті жүйелеп, оны ашық әрі түсінікті еттік. Әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар облыс басшылығымен бірлесіп іске асырылатындықтан, шешімдер де бірлесіп қабылданады. Мәселен, біреу мемлекеттік органдардың қажеттіліктері үшін ғимарат салуды немесе бюджет қаражаты жеткіліксіз жобаны аяқтауды талап етсе, біз оны мақұлдамаймыз. Біздің басымдығымыз — балабақшалар, мектептер, инфрақұрылым нысандары. Басқаша айтқанда, халық үшін қажеттің бәрін жасауға дайынбыз.
— Үкіметпен байланыс жөніндегі бағытыңыз қандай жұмыс? Бұл жайында не айта аласыз?
— Біздің міндетіміз — ТШО мен үкіметке өзара тиімді іс-қимыл атқаруға көмектесу. Мысалы, мемлекет біздің саламызға әсер ететін қандай да бір нормативтік құжат шығарады делік. Бір құжат баршаға арналады. Бірақ сіз сол құжатты қолдана бастаған кезде, оның бір кәсіпорынға жараса, екіншісіне жарамайтынын анықтайсыз Жұмысты тоқтату керек, бірақ бұл экономикаға әсер етеді. Шешімі — келіссөздер үстеліне отырып, талқылау. Міне, осы кезде біздің бөлім тиімді диалог орнатуға көмектеседі. Мысал келтірейік. ТШО-дағы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ішкі талаптар билік талап еткеннен де қатаң. Сондықтан біз оларды жаңа ережелерге сәйкес әлсірете алмаймыз. Сол себепті жиналып, сөйлесеміз, түзетулер ұсынамыз. Мемлекеттік органдардыі салалық қауымдастықтар арқылы нормативтік-құқықтық актілердің, заңдардың және басқа да құжаттардың жобаларын бізге ұсыныс енгізу үшін жіберіп отыратындығы қуантады. Біз бұл үдеріске барынша тиімді өзгерістерді дайындау үшін қатысамыз, нарық ойыншыларын (мейлі ол үлкен бизнес болсын, мейлі шағын кәсіпорын болсын) кемсітпей, өзіміздің сараптамамызды және көпжылдық тәжірибемізді енгіземіз.
— Шамалап алсақ, жағдайлардың қанша пайызында келісімге келіп, қаншасында келісімге келе алмайтын жағдайлар болады ?
— Көп жағдайда ортақ мәмілеге келеміз дей аламын.
— Яғни, шенеуніктер де дауласып, дұрыс екенін дәлелдей ме?
— Әрине. Енді заңға жаңа норма енгізу үшін оны келісу керек қой. Иә, біз бір-бірімізге негізі бар құжаттарымызды жеткіземіз, дауласамыз және соңында келісімге келеміз.
— Осының бәрінен шаршамайсыз ба?
— Бұл үлкен жұмыс екені рас, бірақ бізде ұжым бар. ТШО-да қызметкерлердің дамуына көп көңіл бөлінеді және оларға жасы мен мәртебесіне қарамастан өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік беріледі. Басқаларға сабақ береміз, тәжірибе алмасамыз, олар осы тәжірибені сіңіреді. Ынтымағы жарасқан ұжымсыз сіз ештеңе жасай алмайсыз.
— Рзабек Дәуітұлы, неге сіз мемлекеттік қызметте немесе шетелдегі компанияда емес, Қазақстандағы компанияда қызмет атқаруды таңдадыңыз?
— Компанияға шақырылған кезде, ең алдымен жұмысқа деген көзқарас ұнады. Мемлекеттік қызметтен кейін мүлдем басқа қатынас, басқа философия, сәйкесінше, жұмыстың басқа әдістерін, қарама-қайшылықты көрдім. Алғаш рет «Шеврон» халықаралық корпорациясы енгізген компанияның барлық міндеттерін шешудің жүйелі тәсіліне тәнті болдым. Қауіпсіздік техникасына деген үлкен жауапкершілік, өз қызметкерлеріне қамқорлық таныту…
Мұнда: «Мен айттым, сен сөйлеме» деген жоқ. Компания жүзеге асыратын кез-келген жобаны бүкіл ұжым болып зерттейді, әрқайсысы жауапкершілік жүгіне орай, өз пікірін айтып, жағдайды жақсарту үшін түзетулер енгізе алады. Сондай-ақ, маған бұл жердегі дамуға ықпал етуге деген мүмкіндік, қазақстандықтарға қол ұшын беруге деген ұмтылыс ұнады. Түсінесіз бе, қоғамның дамуы тек бюджетке бағытталған ақшаға ғана байланысты емес, бұған сапалы білім беру мен денсаулық сақтау, әлеуметтік жауапты бизнес, сондай-ақ үрдістерді жақсартатын, бізді, мұнайшылар мен мемлекеттік органдарды да бір қалыпта ұстайтын сарапшылар мен азаматтық белсенділер де кіреді. Қоғамның барлық қатысушылары арасындағы дұрыс тепе-теңдік бірқалыпты, салауатты дамуды қамтамасыз етеді. Мен осы жылдар ішінде кәсіпорынның тек үздіксіз дамуына ғана куә болып келемін және біздің ұжымның да бұған ықпал ететініне сенгім келеді.
Теңізшевройл — қазір мұнай саласының сөзсіз көшбасшысы. Мұның бәрі тепе-теңдік ұстаудың, дұрыс жұмыс әдістерінің арқасында болып отыр. Бұл біліктілігі жоғары мамандарды тартады және де олар рекордтық көрсеткіштер мен жетістіктерді қамтамасыз етеді.
Тамара Вааль, Vласть