Петропавлда босанғанына он күн болған әйел коронавирустан қайтыс болды

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Әйел босанғаннан кейін он күннен соң көз жұмған. Денсаулық жағдайына байланысты дәрігерлер оны ерте босандыруға мәжбүр болған. Әйелдің өліміне қатысты тиісті сараптама тағайындалды.

Оның көз жұмуына жүктіліктің 31-аптасында коронавирус инфекциясынан туындаған пневмонияға шалдығуы себеп болды. Өкпесінің көп бөлігі қабынғандықтан көрсетілген медициналық көмекке қарамастан босанған кейін оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, — деді басқармадағылар.

Дәрігерлер әйелдің вакцина алмағынын атап өтті.

Баланың денсаулығы жақсы, одан коронавирус анықталмады. Сәби ауруханада, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Жыл басынан бері облыста 646 жүкті әйел індет жұқтырған. Олардың 203-інде сырқат ағымы ауыр өтті, 58-і жасанды желдету аппаратына қосылды. Ал 38 әйел медициналық көрсетілім бойынша уақытынан ерте босандырылды.