Басты бетҚоғамВице-министр мобильді...

Вице-министр мобильді аударымдарға қатысты өзгерісті түсіндірді

Егер кәсіпкерлер тауар немесе қызметті сатқанда мобильді аударымдарды пайдаланса, онда бөлек есепшот ашылуға тиіс. Ал төлейтін адам кімге және не үшін ақша аударғанын көрсетуге құқығы бар. Мысалы, қазір ондай мүмкіндік жоқ. Жай, «мобильді ақша аудару» ғана бар. Ал «мобильді төлем» деген жоқ. Біз сол төлемді заңға енгізіп отырмыз, — деді Марат Сұлтанғазиев.

Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта мобайл қолданбаларда «ақша аударыммен» бірге «мобильді төлем» де болады. Тұтынушылар өз еркімен қажетті қызметті таңдайды. Туған-туыстарына ақша аударса, сауда-саттық жасағанда мобильді төлем жасайды. Сонда тұтынушылардың құқығы да сақталады. Тауардың түбіртегі беріліп, артынан сапасыз өнім үшін талап қоюға болады.

Мысалы, сіз жай ақша аудара салсаңыз, одан кейін тұтынушы ретінде құқығыңызды пайдалана алмайсыз. Кәсіпкер болса, салық төлемеуі мүмкін. Ал мобильді төлемнен кейін түбіртек берілуі шарт. Тауар сапасыз болса, оны ауыстыруға мүмкіндік болады, — деді вице министр.

Осы орайда вице-министр мобильді ақша аударыммен пайда тауып жүрген кәсіпкерлерді анықтау тәртібіне тоқталды. Ол да жаңа заң жобасына енгізілген.

Бізде қауіп-қатерлерді басқару жүйесі бар. Соның аясында мобильді ақша аударыммен пайда тауып жүргендер анықталады. Мысалы, бір адамға күніне 15-100 адамнан ақша жіберсе, ол кәсіпкерлік белгісі болып саналады. Банктер ондай адамдардың тізімін бізге беріп тұрады. Біз оны ары қарай зерттейміз. Жай ақша аударым емес, төлем екенін дәлелдейміз. Негізі, тәртіп бұзушылық дәлелденсе, алдымен ескерту жасалады. Одан кейін айыппұл салынады, — дейді вице-министр.