Таразда жарылыс кезінде жоғалған сарбаздың денесі табылмай жатыр

30 қыркүйек күні Таразда өткен брифинг барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әскери қоймадағы өрт пен жарылыс кезінде 17 адам қаза тапқанын айтты. Жиын барысында ол төтенше оқиға кезінде бір азаматтың із-түзсіз жоғалғанын кеткенін, алайда оны іздеу жұмыстары әлі де жалғастырылып жатқанын жеткізген еді.

Ал қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев журналистерге берген сұхбатында жарылыс кезінде жоғалған сержантты іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

Сержант Дәуітбаевты іздестіру тоқтатылған жоқ, тиісті шаралар жалғасып жатыр. Оған қарулы күштердің әскерилері ғана емес, ұлттық ұлан сарбаздары да қатысып жатыр, – деді Руслан Шпекбаев.

Ведомство өкілінің айтуынша, әскери қойманың аумағын толығымен қарап шықты. Дегенмен, мамандар қандай да дәлелдерді табуға тырысып жатыр.

Қазір ол жердегі топырақты електен өткізіп жатыр. Бәлкім, бірдеңе шығып қалатын шығар, – деді министрдің орынбасары.