Нұр-Сұлтанда №15 қалалық емхананың ЖТД бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Сыздықова бустерлік вакцинаны бірінші болып азаматтардың қандай санаттары алатынын айтты.
Коронавирус инфекциясына қарсы ревакцинация КВИ-мен күресте иммунитетті нығайту үшін жүргізіледі. Оны бірінші кезекте ауруға бейім азаматтар санаты алатын болады.
Бірінші кезекте КВИ-ден алғашқы болып екпе алғандар – медицина қызметкерлері, педагогтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері вакцинамен қайта егіледі. Әрине, бәрі ерікті негізде. Сонымен қатар бірінші кезектегі ревакцинациядан созылмалы аурулары бар адамдар, қарт адамдар өткені абзал, өйткені олар тәуекел тобына кіреді, – деп түсіндірді Гүлнар Сыздықова.
Айта кету керек, ревакцинация мерзімі КВИ вакцинасының екі дозасын алған сәттен бастап 6 айдан 9 айға дейін өзгереді. Дәрігерлер сонымен қатар кросс-вакцинацияны, басқаша айтқанда, вакцинаның басқа түрін егуді ұсынады.
«Спутник V» алғаннан кейін ревакцинацияны 9 айдан кейін жүргізу керек, өйткені бұл – векторлық, күшейтілген вакцина. Отандық QazVac пен қытайлық Vero Cell – 6 айдан соң, – деп нақтылады дәрігер.