Президент: Жаңа реформалар сотқа деген қоғамның сенімін күшейтуі қажет

Ақорданың хабарлауынша, Жақып Асанов президентке сот жүйесін жаңғырту жұмыстары жөнінде мәлімет берді.

Жоғарғы сот төрағасы мемлекет басшысына Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгеннен кейінгі 4 ай ішіндегі нәтижелер туралы айтты. Оның айтуынша, жаңа кодекстің енгізілуі шенеуніктердің ойлау жүйесін өзгертуге және тәртібін күшейтуге бағытталған.

Жақып Асанов сонымен бірге президентке дау-жанжалдарды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа жобаларды ілгерілету, біркелкі сот тәжірибесін және қылмыстық процесте тараптардың шынайы жарысын қамтамасыз ету жөнінде баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан реформалардың заң үстемдігін толық қамтамасыз етуі, азаматтардың құқықтарының қорғалу деңгейінің артуына септігін тигізуі және биліктің сот тармағына деген қоғамның сенімін күшейтуі қажет екенін атап өтті.