— Әкім мырза, медицина саласының маманы ретінде дәрігерлердің қазіргі статусын қалай бағалайсыз? Олар өзін қызмет кезінде болатын келеңсіз жағдайлардан қорғай алып жүр ме?
— Медицина саласы қызметкерлерінің құқығы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс негізінде қорғалады. Былтыр бұл кодекске қосымша біраз нәрсе енгізілді. Сол заңнамада дәрігерлер статусы және олардың өзін қорғауы туралы нақты жазылуы керек еді. Өкінішке қарай, өте аз қамтылды. Қаншама үкіметтік емес ұйым, медициналық қауымдастық дәрігерлер мәртебесін заң жүзінде бекітуді айтты, бірақ біраз нәрсе толықтырусыз қалды. Пациенттердің дәрігерді ұрып, балағаттап кетіп жатқанын талай көріп жүрміз. Нақты осы мәселеге қатысты заңнамада пункт жоқ.
Екінші мәселе – дәрігерлер конфликтіге көп бармайды, медиадан көріне бермейді. Медицинаны адамгершілікке құрылған, ең гуманистік мамандық ретінде танимыз. Дәрігерлерде специфика басқаша. Мысалы, мұғалімдер мәртебесі туралы заң шықпай тұрғанда қоғам осындай қадамды, оқытушыларға қатысты нақты бір статусты талап етті. Біріншіден, елімізде мұғалім көп. Екіншіден, олардың бәрі қоғамда болсын, әлеуметтік желіде болсын салыстырмалы түрде белсенді. Қандай да бір мұғалімге заңға қайшы келетіндей әрекет жасалса, бүкіл Қазақстанның мұғалімдері көтеріледі. Бір-бірін қолдау жағынан мұғалімдер жақсы тандем бола алды. Соның арқасында кодекстен төмен десек те, «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң шығарылып, онда білім саласының қызметкерлерінің статусы айқындалды. Кешегідей сенбілікке шыққан мұғалімдердің жағдайында да министрліктің өзі араласатын деңгейге жетті.
— Дәрігерлердің мәртебесі мұғалімдердікі сияқты көтерілмеуіне не әсер етіп жатыр?
— Әуелі елімізде медицина мамандары салыстырмалы түрде аз екенін айта кету керек. Екіншіден, медицина саласында әріптестері оқыс оқиғаға тап болса, жаппай қолдап кету аз. Оның үстіне, дәрігерлер әлеуметтік желіде белсенді емес. Әр медицина мекемесінің кәсіподағы бар. Ол жақтағы жарғыға қарасақ, заң жүзінде маманның құқығы қорғалуы керек. Алайда біраз кәсіподақ оны іс жүзінде жасап жатқан жоқ. Тек жеңілін, көзге көрсете алатынын орындап жатыр. Мысалы, былтыр пандемия өршіп тұрғанда коронавируспен ауырған дәрігерлерге 2 миллион беріледі деді. Ол кезде Qmed ассоциациясы министрлікке хат жолдап отырдық. Біздің есеп бойынша 40 мыңдай дәрігер 2 миллион теңге төлемді алуы керек еді. Бірақ 13 мыңға жуығы ғана алып үлгерді де, кейін заңды өзгертті. Тіпті осындай жағдайларда да медицина мамандары белсенді емес.
Денсаулық сақтау министрлігіне «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заңды мысалға келтіріп, дәрігерлердің де статусы жайлы заң керек екенін айттық. Халық денсаулығы туралы заң қабылданбай тұрып осы мәселені телевизияда да, онлайн медиада да көтердік. Министрлік өтінішімізге «Кодексті шығарғанда толықтырамыз» деп жауап берді. Олардың сөзінше, кодекс заңнамадан жоғары тұрады. Алайда кодекс шыққанда онда медицина мамандарының мәртебесі, құқығы жайлы ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе болмады. Негізі нақты, тәптіштеп жазылуы керек еді. Мысалы, жұмыс орнында дәрігердің жұмысына кедергі келтірілсе, мынандай жауапқа тартылады. Егер дәрігер қандай да бір дене жарақатын алса, мынандай қылмыстық іс қозғалады деген сияқты бәрі нақты қамтылуы керек еді. Дәрігерлер пациенттің өлімін хабарлайтын кездер өте жиі кездеседі. Дәл осы кезеңде пациенттің жақындары эмоциямен біраз әрекетке барып жатады. Мұндай жағдайда арнайы ұйымдарға хабарласып, өз құқығы үшін күресетін дәрігер аз.
— Адам қайтыс болған жағдайда дәрігерге қоқан-лоқы жасалса, ол өзін қалай қорғай алады?
— Мұндай жағдайда сол мекеменің кәсіподағы маманның құқығын қорғауы керек, бірақ көбіне басшылық пен дәрігердің арасында конфликт болады да, кәсіподақ мекеме әкімшілігінің ығына жығылады. Негізі мұндай мәселені медиация форматында шешуге болушы еді.
Кәсіподаққа белгілі бір қаражат тұрақты түсіп отырады. Ал ондағылар дәрігерлерге жаңа жылдық сыйлық берумен және тағы басқамен шектеледі. Осыған қосымша дәрігерлердің жұмыс істеуіне кедергі келтірмеу, құқығының қорғалуы мәселесіне көбірек көңіл бөлінсе игі еді.
— «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заң қабылданбас бұрын тағы қандай мәселені заңнамаға қосуды ұсындыңыздар?
— Дәрігерлермен болатын конфликтінің бірден-бір себебі – маманның жұмысына кедергі келтіру. Ал заңнамада осы мәселе азын-аулақ қана айтылған. Керісінше, бірнеше тармаққа бөліп, дәрігерге кедергі жасаған адам қай кезде қандай жауапқа тартылатынын нақты белгілеуі керек еді. Кодексте «Дәрігерге әлдебіреу дене жарақатын жасаса, жауапқа тартылады» деп, қылмыстық кодекске сілтеме берілген. Мысалы, ішкі істер департаменті қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірген жағдайда қатаң түрде заңнамамен қаралады, яғни оларға белгілі бір статус беріліп тұр. Тура сондай мәртебе дәрігерлерге де берілуін сұрадық. Әсіресе, медицина мекемесінің қабылдау бөліміне масайып келіп, ештеңеге көнбей қоятындар бар. Олар дәрігер жұмысына кедергі де келтіреді. Маман мұндайда пациенттің жағдайын ойлап, әрекет етеді. Кейде жан сақтау бөлімінде жатқан адамды құтқарып қалу үшін жақындарына хабарласып үлгермей, белгілі бір шаралар қабылдайды. Кейін адам аурудан айыққанда дәрігерді «Менің келісімімсіз маған мынандай нәрсе жасады» деп сотқа беріп жатады. Осындай жағдайдың бәрін әр деталіне дейін жазып, министрлікке ұсынған едік. Қоғамда «дәрігердің қатесі» деген түсінік бар. Сонымен қатар ситуация кезінде, күрделі операция барысында болатын жағдайлар бар. Дәріден аллергия басталып, адамның бірнеше органы бірден жұмыс істемей қалатын сәттерде маман хаттама бойынша әрекет етеді. Дәрігер бәрін пациенттің жақсаруы үшін істейді. Осындай жағдайдағы дәрігер құқығының қорғалуы әлі шикі. Хаттама бойынша жұмыс істеген дәрігерді адам өліміне кінәлағанымыз дұрыс па?
Жалпы медицина саласы бойынша құқыққорғаушы, сарапшы маман өте аз. Алматы мен Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларда болғанымен, өңірлерде табыла бермейді. Кәсіподақ та мұндай қызметкердің жолына, келіп, көмектесуіне қаржы жұмсамайды.
Бастысы дәрігерлердің құқығы қорғалуы үшін кәсіподақтардың жұмысы күшеюі керек. Ол болмаса, дәрігерлердің құқығын қорғайтын арнайы ұйымдар ашылсын. Медицина саласындағы құқықбұзушылыққа араласуы үшін дәрігерлерге де құқық саласын оқып, қосымша айналысуға мүмкіндік жасау керек шығар.
— Дәрігерлердің еңбегін қоғамда қалай таныта аламыз?
— Ол үшін жүйелі жұмыс қажет екені сөзсіз. Егер бірнәрсе жай бір әрекетпен жасала қалса, оны әлдеқашан орындар едік. Бұл жерде заңнама жағынан нақтылық, талаптар қажет. Екіншіден, дәрігерлікті шынында гуманистік мамандық ретінде таныту, бұл саланың мамандары туралы айту маңызды. Саланы қолдау, оны таныту, мамандық ретінде алға шығару жан-жақты жұмысты талап етеді. Адам жанын арашалап алатын мамандар екеніне көбірек мән беріп, осы бағытта біраз жұмыс атқарылуы керек.
Коронавирус қатты өршіп тұрған бірінші жылы дәрігерлердің біразы үй көрмей, адам емдеді. Ал қазір бәрі саябырсығанда сол еңбекті ұмытып бара жатырмыз. Ал медицина қызметкерлерінің жалақысы – бөлек мәселе. Осы уақытқа дейін жұқпалы аурулар емханасында жұмыс істегендерге қолдау көрсетіліп келді. Енді оның бәрі қысқаратыны хабарланды.
Көбі дәрігер мамандығына шын қалап, ұнатып келеді. Бір жағынан «Оқи салайын, көре салайын» дейтіндей арзан оқу емес. Оқу уақыты да көп. 3-4 жыл оқып, маман болып шыға салмайды. Он шақты жыл университетте оқығанымен кейін өмір бойы ізденеді. Кемінде әр бес жылда аттестациядан өтіп отырады. Маман ретінде квалификациясын көтеру мәселесі тағы бар.
— Осы ретте министрліктің жұмысын қалай бағалар едіңіз?
— Біраз мәселе министрдің өзіне байланысты деп ойлаймын. Мысалы, білім және ғылым министрі біраз мәселе бойынша жауапкершілікті өзіне алып, мұғалімдердің мәртебесін, қоғамдағы орнын, тіпті жалақысы мен стипендиясын көтерді. Дәл осы бағытта министрдің өзі шынында жұмыс істеп жатыр. Қандай өзгерістер жасап жатқанын бәрі көріп отыр. Ал дәрігер мәртебесі қорғалмай жатыр, бұл мәселені денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да қолдап жатқан жоқ.
Кез келген министрліктің жасаған реформасын қолдап, соны жүзеге асыратын – қарапайым мамандар. Министрліктер өзі ұсынған жүйені мамандардың көмегінсіз енгізе алмайды. Ал медицина саласының саясатын анықтайтын, кәсіподақ жұмысын басқаратын сол — құзырлы орган.
Былай қарасақ, дәрігерлер ел қатарлы жұмыс істеп, жалақысын алып, отбасын асырап отыр, бірақ қоғамда олардың беделі, мүмкіндігі төмен. Коронавирус кезінде белгілі бір уақыт дәрігерлерге көңіл бөлінді, көзқарас аз да болса, өзгерді дейміз. Дегенмен біраз нәрсе түзелмей тұр. Бір жағынан дәрігерлердің өзінен де бар шығар. Уақыты тығыз болуына қарай қоғамда ойын ашық айта бермейді, әлеуметтік желілерде де белсенді емес.
— Ұлттық статистика бюросының сыртқы көші-қон статистикасы бойынша кейінгі 4 жылда 4 260 медицина қызметкері шетелге кеткен. Сіздіңше, дәрігерлердің өзге елге көшуіне не себеп?
— Бұл жерде әуелі қаржы мәселесі бар. Одан соң маманның құқығы қорғалмауын айтуға болады. Бір дәрігер шетел асып жатса, ол белгілі бір дәрежеде зәбір көрді деген сөз. Қандай да бір ренішпен кетуі әбден мүмкін. Сонымен бірге дамыған мемлекеттерде біздікінен жоғары айлық, қосымша жеңілдіктер, балалардың оқуы сияқты мүмкіндіктер қарастырылған. Ал Қазақстандағы мемлекеттік медицина мекемесінде жұмыс істейтін дәрігердің ондай мүмкіндігі жоқ.
Бұрын медицина мамандарының үйлі болуына арналған жобалар бар еді. Қазір басқаша. Біраз өңірде ауруханалар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік орынға айналып кеткен. Содан дәрігерлер көп жағдайда үйге кезекке тұра алмайды. Тек Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын санаулы мекеменің қызметкерлері ғана әлеуметтік категорияға жатады.
— Әңгімеңізге рақмет!
Дерек
Денсаулық сақтау министрлігінің Factcheck.kz порталына берген мәліметіне сәйкес, 1 қазандағы жағдай бойынша медицина саласында 3 947 маман жетіспейді. Оның ішінде 525 жалпы практика дәрігерлері, 334 анестезиолог-реаниматолог, 297 терапевт, 233 акушер-гинеколог, 197 педиатр және 110 инфекционист қажет.
Дәрігерлер Қостанай облысында тапшы. Онда 477 бос орын бар. Одан кейін Ақмола облысында 338, Батыс Қазақстан облысында 298, Солтүстік Қазақстан облысында 295, Нұр-Сұлтанда 283, Маңғыстауда 277, Алматы облысында 262 және Шығыс Қазақстан облысында 256 кадр тапшылығы байқалады.