Басты бетҚоғам"Тәуелсіздік туралы...

«Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме». Қазақстан БҰҰ мүшелігіне қалай өтті? 

Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап  — 1991 жылдан бастап бүгінге дейінгі кейінгі үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.

Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен бірге бұл кітапта кейінгі 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.

Baribar.kz оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды.

Қазақстан БҰҰ мүшелігіне қалай өтті?

Мемлекеттік және қоғам қайраткері, дипломат, 1992-1999 жылдарда Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болған Ақмарал Арыстанбекованың пікірін өзгертусіз назарларыңызға ұсынамыз.

1991 жылдың желтоқсанында Қазақстанның тұңғыш президентінің тапсырмасы бойынша мен Біріккен Ұлттар Ұйымына келдім. Басты міндетім республикамыздың БҰҰ мүшелігіне кіруіне дайындық болды.

«Мен 1991 жылғы 31 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдау туралы өтінішін БҰҰ Бас хатшысы Перес де Куэльярдың хатшылығына тапсырдым, сол кезде ол осы лауазымындағы жұмысын аяқтап жатқан болатын.

1992 жылдың 1 қаңтарынан бастап БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Бутрос-Гали болды. Біздің тарапымыздан берілген өтініш қабылданғаннан кейін ғана оны  қарай бастады.

Қазақстан БҰҰ-ға қабылдау туралы өтінішті бұрынғы одақтас республикалардың арасынан бірінші болып берген едік. Сәйкесінше, 1992 жылдың 23-қаңтарында БҰҰ-ға мүше болу үшін Қауіпсіздік Кеңесіне  бірінші болып ұсынылғанымызды атап өткен жөн.

1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық отырысы өтті, онда Қазақстанның БҰҰ-ға қабылдануы туралы қарардың тең құқылы авторлары 121 мемлекет болды. Яғни, осы мемлекеттер біздің мүшелігімізге қолдау білдірді. Олардың қолдауымен Қазақстан БҰҰ-ның 168-нөмірлі мемлекет ретінде мүшелігіне өтті. Сол күні әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымның мүшелері болып Қазақстаннан басқа Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Сан-Марино тағайындалды.

Елбасының тапсырмасы бойынша Президенттің және  Қазақстан Республикасы халқының атынан осы атаулы күні Бас Ассамблеяның пленарлық отырысында сөз сөйлеу маған бұйырылған еді. Сондай-ақ, БҰҰ штаб-пәтерінің үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсіміне қатысу да мен үшін үлкен құрмет болды. Әрине, мен мұны өзім үшін үлкен мәртебе деп санаймын.

Мен Қазақстанның осындай тарихи оқиғасына куә болғаныма өте қуаныштымын. Қазақстан Туының биікке көтеріліп, желбірегенін қарап тұрғанымда тұла бойымды өз елімнің, халқымның намысын жоғары көтеріп ортырғандай сезіндім. Мұны сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес шығар.

Қазақстан БҰҰ-ға кіргеннен кейін ел алдында екі міндет тұрды. Біріншіден, тәуелсіз мемлекет ретінде Ұйыммен, оның қорларымен және бағдарламаларымен ынтымақтастық орнату қажет болды. Екіншіден, Қазақстан БҰҰ-ның жаңа мүшесі ретінде саяси, экономикалық, экологиялық, гуманитарлық салалардағы, қарусыздану, қауіпсіздік және т.б. салаларындағы халықаралық проблемаларды шешуге қатысуы тиіс еді.

БҰҰ Бас Ассамблеясының күн тәртібіндегі барлық өзекті халықаралық проблемалар бойынша Қазақстанның ұстанымын әзірлеу қажеттілігі туралы сөз болды.Жыл сайын БҰҰ Бас Ассамблеясы өзінің күн тәртібіне 160-тан 180-ге дейін түрлі мәселелерді енгізіп отырды, сол кезде біздің алдымызда орасан зор әрі өте жауапты жұмыстар тұрды. Біз халықаралық аренадағы өз даңғылымызды, өз жолымызды жаңа сүрлеумен салдық. Бұл біздің халқымыз таңдаған ең дұрыс әрі жақсы жолымыз еді.

Мен үшін  зор мақтаныш сезімін тудыратын күннің бірі — 2016 жылғы 28 маусым. 24 жылдан кейін Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл — біздің еліміздің жаһандық қауіпсіздік пен  тұрақтылықты нығайтуға қосқан зор  үлесін мойындаудың сөзсіз актісі болды».